Жыл басынан Павлодар облысында 16 пәтер ұрлығы тіркелді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оның ішінде 13 пәтер ұрлығына қатысты күдікті адамдар ұсталды. 8 қылмыстық іс сотқа жіберілді.

пәтер
Фото: Polisia.kz

Қаскүнемдер пәтерлерден көбіне зергерлік бұйымдарды, ақша, тұрмыстық техника, түрлі құралдарды, ұялы телефондарды үптеп кеткен.

«Мысалы, қала тұрғыны полицияға белгісіз біреу пәтеріндегі су жылытқышты, бұрағышты, перфораторды ұрлады деп жүгінді. Келтірілген залал - 300 мың теңге. Тағы бір тұрғын зергерлік бұйымдар мен ұялы телефонынан айырылып қалғанын айтты. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары аталған ұрлық істеріне қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған іс - шаралар жүргізіп жатыр», - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.

Тәртіп сақшылары азаматтарды сергек болуға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыра отырып, бөгде азаматтардың үйге кіруіне жол бермеуді ескертеді. Үйден шыққан кезде терезелерді, балкондарды жабуды ұмытпаңыз. Балаларға бейтаныс адамдарға есік ашуға қатаң тыйым салыңыз.

Кілттерді жоғалтқан кезде, кіре берістегі есіктің құлыптарын ауыстырыңыз. Әлеуметтік желілерде абай болыңыз. Көбінесе үй тонаушылар әлеуметтік желідегі парақшаңызды қадағалайды. Ол арқылы қымбат зат сатып алғаныңызды, немесе бір жаққа жол жүріп кеткеніңізді біледі. Демалысқа шыққанда, туыстарыңызға немесе сенетін жандарға анда-санда үйіңізді тексеріп тұруды тапсырыңыз. Бүгінгі таңда пәтерлер мен үйлерді орталықтандырылған қорғау да қорғаудың сенімді әдісі.

Соңғы жаңалықтар