Жыл сайын әскери медициналық мекемелерде екі жарым мыңнан аса хирургиялық ота жасалады

В Вооруженных силах отмечают День военной медицины
Фото: Ержана Смайылдың жеке архивінен

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін әскери медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күні кәсіби шеберлігімен көзге түскен, пациенттерінің ықыласына бөленген әскери дәрігерлерге барлық жерде құрмет көрсетіледі. Әскери дәрігерлердің күнделікті өмірі мен жетістіктері туралы ҚР Қарулы күштері Бас әскери медицина басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл баяндайды.

Ержан Смайыл
Фото: Ержан Смайылдың жеке архивінен

– Ержан Ержұманұлы, әскери дәрігерді жаралыларға тікелей ұрыс даласында медициналық көмек көрсететін, оларды уақтылы эвакуациялауды ұйымдастыратын маман ретінде білеміз. Осы сала мамандарына қойылатын бүгінгі талап қандай ? 

- Біз өзіміздің кәсіби мерекемізді төртінші жыл атап өтудеміз, бұл күн ҚР Қорғаныс министрінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде кәсіби және естелік күндерді белгілеу туралы» бұйрығымен нақтыланған. Шынында, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери медицина басқармасының құрылғанына 32 жыл болды. Жыл сайын бұл күні біз өз тағдырын ең қиын, бірақ ең абзал мамандықпен – әскери медицинамен байланыстырған адамдарға құрмет көрсетеміз.

әскери дәрігер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Алайда мереке күні де әскери дәрігерлер тәулік бойы медициналық бөлімшелер мен мекемелерде кезекшілік етеді. Қарулы күштерде емдеу, алдын алу қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін 8 әскери госпиталь, 4 әскери лазарет жұмыс істейді, олардың құрамына емханалық бөлімшелер кіреді. Әскери бөлімдер мен мекемелерде 143 медициналық бөлімше бар.

Әскери дәрігерлер санитарлық-гигиеналық қадағалауды, емдеу-профилактикалық жұмыстарды жүзеге асырады, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізеді, медициналық жабдықтауды бақылайды, медициналық тексерулерге жетекшілік етеді. Қазіргі уақытта әскери медицина мекемелері сарбазды құтқаруға және оларды тезірек қызметке қайтаруға арналған ең озық медициналық жабдықтармен жарақталған. Қорғаныс министрлігінде әскери-медициналық бөлімшелерді заманауи медициналық техникамен жабдықтау, кадрлармен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері әрқашан басшылықтың бақылауында. Бүгінгі таңда рентгендік диагностикалық жабдықтармен (компьютерлік томограф, цифрлық рентгендік диагностикалық аппараттар), ультрадыбыстық диагностика, зертханалық диагностика аппараттарымен жарақтандыру бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жүргізілуде.

- Әскери дәрігерлерді даярлау мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр ? 

- Барлық уақытта әскерде тек білімді медицина мамандары ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі хирургтар да қажет болды, өйткені «Ақ халатты әскерилер» көбінесе далада күрделі хирургиялық операциялар жасауға мәжбүр болды. Әскери дәрігерлер соғыстың нәтижесіне әсер ете алмайтыны белгілі, бірақ олар майданда адам өмірін сақтап қала алады. Әскери дәрігерлер жаралыларды ұрыс даласынан әкетеді, жарақаттардың ауырлығын анықтайды, алғашқы медициналық көмек көрсетеді және бұл көбіне нағыз ұрыс жүріп жатқан кезде жасалуы мүмкін. Өйткені, әскери-далалық медицина жауынгерге мүмкіндігінше тезірек көмек көрсетуге негізделген, яғни ондай сәттегі міндеттер турникетті қолдану, ауырсынуды басу және тылға жіберу.

Әскери бөлімдерде жауынгерлік даярлық бағдарламасына әскери-медициналық даярлық бойынша сабақтар енгізілді, онда ұрыста көмек көрсету әдістері мен тәсілдері оқытылады. Әскери медицина орталығының базасында әскери буын әскери қызметшілері фельдшер сертификатын ала отырып, өзара көмек бойынша дайындық курстарынан өтеді.

Әскери дәрігерлерді даярлау Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен бірлесіп жоғары медициналық білім беру және әскери интернатура бағдарламалары бойынша, сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университеті әскери медицина кафедрасында «Астана» медициналық университетімен бірлесіп жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресей, Өзбекстан, Армения, Қытай және Түркияның медициналық әскери оқу орындарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламалары бойынша әскери дәрігерлерді даярлау жүргізілуде.

Қарулы күштерде әскерлерді медициналық қамтамасыз етудің көп деңгейлі жүйесі құрылды және тұрақты жұмыс істейді. Медициналық қамтамасыз етуді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесіне интеграциялау процесі жүзеге асырылды. Заманауи жоғары технологиялық жабдық уақытылы диагноз қоюға, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, жауынгердің емдеу мекемесінде болу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, әскери қызметшінің қызметке тез оралуына ықпал етеді. Жыл сайын әскери-медициналық мекемелерде 18 мыңға жуық пациент емделеді, екі жарым мыңнан аса хирургиялық ота жасалады.

әскери дәрігер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

- Осы жылдың мамыр айында әскери госпитальдар мен лазареттерге «ДАМУ» медициналық ақпараттық жүйесін тегін жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім әскери медицина саласының қызметіне не өзгеріс әкелді ?

- Бұл Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсетуді жақсарту туралы тапсырмасын іске асыру жолындағы кезекті қадам. Құжатты менімен бірге «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Елеманов өз қолымен бекітті.

Келісімнің арқасында бәріміз білетін медициналық кітаптар өткеннің еншісінде қалды, біз тіркелген контингенттің денсаулығы туралы деректерді сақтаудың цифрлық форматына көштік. Одан өзге медициналық ұйымдардың корпоративтік клаудын құруға маманданған «ДАМУ» ақпараттық жүйесі еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің дерекқорларымен біріктірілген. Осы жылдың бірінші маусымынан бастап әскери госпитальдар мен лазареттер жаңа ақпараттық ресурсқа қол жеткізді.

- Екі айдан бері әскери дәрігерлердің қызметін халық та пайдалана алатын болды, бұған дейін әскери госпитальдар тек қорғаныс ведомствосына қатысы бар адамдарға ғана қызмет көрсеткен. Осыған толығырақ тоқталсаңыз.

Как отмечают День военной медицины — интервью с полковником медслужбы РК
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

- Естеріңізге сала кетсем, COVID-19 пандемиясы кезінде қорғаныс ведомствосы өзінің медициналық мекемелерін қайта құрды және модульдік инфекциялық стационарларды орналастырды, содан кейін әскери дәрігерлер денсаулық сақтаудың азаматтық секторымен қатар жұмыс істеді. Біз азаматтардың денсаулығын емдеуге және қалпына келтіруге көмек көрсеттік. Содан кейін көптеген пациенттер жедел, диагностика, емдеу және қажетті процедураларды орындау мәселелеріне нақты және мұқият көзқараспен ерекшеленетін әскери дәрігерлердің жұмыс үлгісімен танысты.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес әскери медициналық мекемелер мерзімді қызметтегі сарбаздарға, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ шекті жасқа толғаннан кейін және денсаулық жағдайы бойынша запасқа шығарылған адамдарға, Қарулы күштердің қызметшілеріне қызмет көрсетеді.

Ақылы қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес әскери-медициналық мекемелер оларды МӘМС жүйесінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі шегінде көрсетеді. Ол үшін біздің госпитальдар мен емханалар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдарымен шарттар жасасты. Осы құжаттар аясында әскери мамандар ауруханаларда, лазареттерде стационарлық көмек және әскери емханалар мен бөлімшелерде консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетеді.

Медициналық ұйымды еркін таңдау құқығына байланысты әскери-медициналық мекемелердің қызметтерін азаматтар да пайдалана алады. Жоспарлы стационарлық емдеуге тіркелген жері бойынша емханаға жүгінуіне болады, бұл қызмет түрі «емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы ресімделеді.

Әскери зейнеткерлерге медициналық көмек көрсету тетігі заң жүзінде жеңілдетілгенін де айта кетейін. Медициналық айғақтар болған кезде оларды әскери медициналық мекемелерге жатқызу алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы маманының жолдамасынсыз жүзеге асырылады. Әскери емханада амбулаториялық жағдайда емдеуді тіркелген жері бойынша емханаға бармай-ақ әскери-медициналық бөлімшенің терапевтінің немесе жалпы практика дәрігерінің жолдамасымен келе алады.

Мамандардың біліктілігі және республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында бар заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтар азаматтарға жоғары деңгейде мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ал, медициналық қызметтердің ақылы түрлері үшін қордан алынған қаражат әскери медициналық мекемелерді дамытуға жұмсалады.

- Жуырда ҚР Қорғаныс министрлігі Бас әскери клиникалық госпиталінде урологиядағы заманауи лазерлік технологияларға арналған практикалық конференция өтті. Операцияларды әскери дәрігерлер жасады ма?

- Оның үшеуінің бірін – ретроградтық интраренальды хирургия бойынша – әскери госпитальдің урология бөлімінің бастығы, медициналық қызметінің подполковнигі Дастан Кенжерахманов басқарды. Осы кезде де дәрігерлеріміз белгілі бір тәжірибеге ие болды. Өткен жылдың жазында Қазақстанда алғаш рет әскери хирург науқастың екі бүйрегінен тастарды бірден алып тастау үшін күрделі операция жасады.

Біздің госпиталь қабырғасындағы форумның негізгі мақсаты – урология және андрология саласындағы жаңа технологиялармен тәжірибе алмасу. Операциялар нейрохирургия, хирургия және гинекологияда қолдану аясы кең итальяндық лазерлік жабдықты пайдалана отырып жүргізілді. Мұндай конференцияны өткізу, урологияны дамытудағы маңызды қадам, ол ғылым мен практика арасындағы байланысты қолдауға бағытталған. Шара соңында мамандар «Урологиядағы заманауи лазерлік технологиялар» тақырыбында баяндама жасады.

- Мереке күні әріптестеріңізге айтар қандай тілегіңіз бар ?

- Дәрігер болу – дәрігерден жоғары кәсібилікті, сезімталдықты және өз ісіңе адал болуды талап ететін ерекше миссия. Біздің мамандар ерекше операциялар жасауда, соның ішінде жүрекке, сирек кездесетін ауруларды емдеудің жоғары тиімді әдістерін енгізуде. Әскери дәрігерлер далалық жаттығулар және далалық жорықтар кезінде жеке құрамға білікті медициналық көмек көрсетіп жүр.

Осы мереке күні әскери қызметшілерге, сондай-ақ әскери медицина ардагерлеріне күнделікті еңбектері, кәсібіне және борышына адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Осы күні жоғары кәсіби нәтижелерге қол жеткізген әскери дәрігерлер, фельдшерлер, медбикелер, санитарлар медальдармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталып жатыр. Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен қызметшілері, әскери-медициналық қызметінің ардагерлері үшін ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram