Жыл сайын қазақстандықтарға 70 мыңнан астам протездік-ортопедиялық өнім беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – 95,3 мың адам протездік-ортопедиялық көмекке алатындар санатына жатқызылған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аппарат басшысы Нұрдәулет Төлеев мәлім етті.

- Қазір еліміздегі 737 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 95,3 мыңы протездік-ортопедиялық көмекке алатындар санатына жатқызылған. Бұл ретте, осы көмек түрімен 82,8 мың адам, яғни 86,9 пайызы қамтылған, - деді Н.Төлеев Сенатта протездік-ортопедиялық көмек мәселесін талқылау кезінде.
Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық жабдықтар мен қызметтерді, соның арасында протездік-ортопедиялық көмекті өндірушілер мен жеткізушілерді өз бетінше таңдауға құқылы. Қазір порталда 313 протездік-ортопедиялық затты жеткізуші тіркелген.
- Тиісті классификаторда протездік-ортопедиялық құралдардың 19 түрі және 47 кіші түрі қарастырылған. Жыл сайын 70 мыңнан астам осындай өнім мұқтаж азаматтарға беріледі. 2024 жылы қамтамасыз етілгендердің үлесі мұқтаждардың жалпы санының 87 пайызын құрады, - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың басынын бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірінен 43,7 мың өтінім қаралды.