Жыл сайын қоғамдық жұмыстарға тартылады: Шымкентте ойын бизнесін ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты
Шымкентте заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне сәйкес, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі күдікті ҚР ҚК-нің 307 бабы 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу және жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Ал, олардан тәркіленген 8 дана жасыл-сары ойын терминалдары, 23 дана жүйелі блок, 20 дана монитор, 5 модем және 2 телевизор мемлекет кірісіне алынды.
«Шымкент қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Стоп игра» шұғыл іс-шарасында Шымкент қаласы аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларды анықтаған болатын. «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 11 бабына сәйкес, казино мен ойын автомат залдары Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады. Аталған аумақтарды қоспағанда, казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасының басқа аумағында орналастыруға тыйым салынады» - делінген Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.