Жыл сайын полицияға түнгі уақытта жүргені үшін 100 мыңнан астам жасөспірім жеткізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын полиция бөлімшелеріне түнгі уақытта жүргені үшін 100 мыңнан астам жасөспірім жеткізіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров айтты.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда елімізде жасөспірімдер жасайтын қылмыс саны төмендеп келе жатыр. Ал, құқық бұзушылықтар ата-аналар тарабынан балаға тиісті бақылаудың жоқтығынан орын алуда.
«Елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала түнгі уақытта көшеде ата-анасыз жүргені үшін поилция органдарына жетеді. Олар қылмыстың құрбаны болуы немесе өздері де түрлі жат әрекеттер жасауы мүмкін», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел барысында.
Ренат Зұлхайыровтың дерегінше, осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында балалары түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүргені үшін 39 мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұнан бөлек, түнгі уақытта жасөспірімдерге түрлі қызметтер көрсеткен 1,2 мыңнан астам кәсіпкер де жазаға тартылып отыр.