Жыл соңына дейін бизнеске қойылып жүрген 10 мың артық талап қысқартылады
Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумында сөйлеген сөзінде бизнесті қолдау бағытында атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Соңғы жылдардағы оқиғалар жаһандық және аймақтық экономикаға орасан зор әсерін тигізді. Күрделі сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы сыртқы жағдайларға бейімделді және тұрақты өсу жолында. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,9%-ті құрады. Негізгі салалар бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ке ұлғайып, 13,3 трлн теңгені құрады», - деді ол.
Премьер-Министр инфляция 10,8%-ке дейін баяулауына Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралары ықпал еткенін атап өтті.
«Бизнестің мәселелері Үкіметте «Атамекен» палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,4%-ке дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ке өсіп 4,3 млн адамды құрады. Бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылуда. Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңын қысқартамыз», - деді Үкімет басшысы.