Жыл соңына дейін тағы 2 мың шақырымнан астам жол ақылы болады

Платная дорога  Ақылы жол
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық жолдарды күтіп ұстауға ғана жыл сайын 80 млрд теңге керек. Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында осындай дерек келтірді.

«Республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан, бюджетке артық салмақ түсірмеу үшін ақылы жолдарды енгізу жұмыстары жалғасады. Бүгінгі таңда ақылы жолдардың жалпы ұзындығы — 3 мың 200 шақырым. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды», — деді ол.

Министр аталған қаражат жолды күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалғанын атап өтті.

«Реконструкциядан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау үшін биыл жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын 11 учаскеге кезең-кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланып отыр», — деді Марат Қарабаев.

Министрлік мәліметінше, жолаушылардан ақы алынатын жаңа жолдардың тізімі мынандай:

Қызылорда-Арал;

Ақтөбе-Орынбор;

Қостанай-Тройцк;

Қостанай-Денисовка;

Ақтау-Бейнеу;

Қандыағаш-Мақат;

Балқаш-Бурылбайтал;

Бурылбайтал-Шу;

Үшарал-Достық; 

Қарағанды қаласының айналма жолы;

Тараз қаласының айналма жолы.

Соңғы жаңалықтар