«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына дауыс беру басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына онлайн дауыс беру басталды. Биыл байқауға 235 үміткер қатысып жатыр, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Онлайн дауыс беру 10-19 қазан аралығында Qazvolunteer.kz бірыңғай платформасында өтеді. Бұл – халықаралық сыйлықтың алғашқы кезеңі.
Техникалық іріктеу нәтижесінде байқауға 235 үміткер жіберілген. Енді олардың арасынан үздіктерді анықтауға кез келген адам қатысып, өзі таңдаған волонтерге қолдау көрсете алады.
«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған. Ол қоғамға пайдалы әрі әлеуметтік маңызы бар істерге үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарды қолдауға бағытталған.
Сыйлық жеке волонтерлерге ғана емес, волонтерлік топтарға, ұйымдарға, соның ішінде халықаралық ұйымдарға да беріледі.
– Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған сыйлық қоғамға пайдалы әрі әлеуметтік маңызы бар істерге үлес қосқан волонтерлерге, волонтерлік топтарға, волонтерлік ұйымдарға және халықаралық ұйымдарға беріледі. Алты жыл ішінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 297 волонтер аталған сыйлықтың иегері атанды. Биыл сыйлық волонтерлік қызметтің түрлі бағыттарын қамтитын 15 аталым бойынша табысталады. Дауыс беруге кез келген адам қатысып, өзі таңдаған волонтерге қолдау көрсете алады, – делінген министрлік ақпаратында.
Биыл халықаралық сыйлық 15 аталым бойынша табысталады. Олар волонтерлік қызметтің түрлі бағыттарын қамтиды.
Атап айтқанда, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, білім беру, жануарларды қорғау, қоршаған ортаны сақтау және экологиялық бастамаларды қолдау бағытында еңбек етіп жүрген еріктілер марапатқа үміткер бола алады.
Соңғы алты жылда халықаралық сыйлықты бес елдің өкілдері иеленген. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден барлығы 297 волонтер лауреат атанған.
Онлайн дауыс беру 19 қазанға дейін жалғасады. Қатысушылар Qazvolunteer.kz платформасына кіріп, өздері таңдаған үміткерге дауыс бере алады.
Айта кетейік, 2025 жылы «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы бойынша 15 аталымға 118 өтінім қабылданып, 46 үміткер жеңімпаз атанған болатын.