Жылдық жеке табысы 40 млн теңгеден асатындардың салығы артады
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров прогрессивті табыс салығы шкаласы жылдық табысы 40 млн теңгеден асатындарға қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Сән-салтанат салығына келсек, бұл салық негізінен мүлікке салынады. Оған бағасы қымбат көлік құралдары, жеке меншіктегі ұшу аппараттары, қымбат жылжымайтын мүлік нысандары жатады. Негізінен осындай тәсіл қолданылады», - деді министр
Ведомство басшысы сән-салтанат салығы қымбат мүлік тұтынушыларға ғана бағытталатынын еске салды.
«Ол мүліктер негізінен импорттық өнім болып есептеледі. Яғни, оларды Қазақстан аумағына кіргізер алдында тіркеу кезінде салынады», - деді Әлібек Қуантыров.
Сондай-ақ, ол прогрессивті салық шкаласы жаңа Салық кодексінде қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
«Бізде кезінде 4 сатылы прогрессивті салық шкаласы болғанын дұрыс айттыңыз. Прогрессивті салық жүйесі 5 пайыздан 20 пайызға дейін болатын. Ал бұл жолы негізінен 10 пайыздық тегіс шкаланы қалдыру ұсынылып отыр. Оған қосымша 15 пайыздық прогрессивті салық салынады. Оның көлемі жылына 480 ең төменгі айлық көрсеткіші көлемінде болады. Бұл шамамен 40 млн теңге. Егер одан артық болса, яғни, 50 млн теңге тапса, 10 млн теңгеден артық табысына 15 пайыз төлейді. Бұл халықтың аз бөлігін ғана қамтиды және көлеңкелі экономиканың артуына түрткі болмайды. Өйткені мұндай айлықты табысы жоғары секторларда ғана төлейді. Бұл салаларда салық жүйесі ашық, мөлдір. Байыпты салық төлеушілер қатысады», - деді Ұлттық экономика министрі.