Жүлде қоры – 10 млн теңге: «Жылдың 10 үздік оқырманы» республикалық жобасы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – «Жылдың 10 үздік оқырманы» атты кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған республикалық жоба ресми бастау алды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында жүзеге асырылып отыр.

кітап
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бүгін ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясын өткізді. Онлайн және офлайн форматта өткен брифингіде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы әрі осы жоба аясында құрылған комиссия төрағасы Мереке Құлкенов, Құрылтай депутаты, комиссия мүшесі Жанарбек Садыханұлы, Құрылтай депутаты Сергей Пономарев, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, комиссия мүшесі Ерлан Каналимов, Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Марина Подгайнова және БАҚ өкілдері қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова жоба мазмұны мен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жобада кітапхана және кітап шығару ісі туралы заң әзірленді. Онда кітапханаларды толықтыру, кітап шығару ісін қолға алу, алдағы 2027 жылы Ұлттық цифрлық платформаны іске қосу сияқты істер жоспарланып отыр. ЖИ дамыту жағдайында кітап оқу мәдениеті, кітап ісін игеру, зерделі ұлт тұжырымдамасы сынды нақты жоспарлар әзірленіп жатыр. Қазір осы бағытта зерттеу және сарапшылық жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Кітап оқу марафонымен бірге басталған бұл жобаға тіркелу қыркүйектің 27 жұлдызына дейін жүргізілген.

– Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұстанымы айқын. Кітап оқып, оны насихаттауға арналған осындай іс-шаралар арқылы зияткерлікті арттыратын ұлттық жоба қалыптастырып отырмыз, - деп комитет төрағасы Айзада Амангелдіқызы сөзін түйіндеді.

Бұл жоба бұған дейін еліміздегі үш өңірде пилоттық режимде жүргізілген еді. Жоба аясында 189 211 оқырманды қамтыған. Осы нәтижені ескере отырып, жобаны ел ішіндегі барлық өңірді қамтитындай кеңейту көзделінді.

Жазушылар одағы мәліметінше, қазір аталған іс-шара қоғамның кең ауқымын қамтып жатыр және 7 негізгі санатты құрайды. Жобаға қатысу – ерікті. Кез келген оқырман арнайы ашылған reading-nation.kz платформасына кіріп, жобаға қатысу үшін тіркеле алады.

Кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Жылдың үздік 10 оқырманы» жобасына барлығы 345 кітап іріктелініп алынған. Оның 173-і қазақ тіліндегі кітап болса, қалған 172-сі орыс тіліндегі шығармалар. Жоба «кітап оқитын мектеп», «кітап оқитын педагог», «кітап оқитын колледж», «кітап оқитын университет», «кітап оқитын әулет», «кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «кітап оқитын зияткер» деген 7 негізгі санаттан құралады. Сонымен қатар, конкурстық жүлдега қатысатын санаттан тыс «Парасат» атты қосымша санат тіркелінген. Әр санаттағы оқырман платформада көрсетілген 15 кітапты оқуы тиіс.

 – Тізімді қалыптастыру барысында «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар жинады. Осы ұсыныстардың негізінде қалыптасқан тізім Республикалық комиссияның қарауына ұсынылды. Республикалық комиссия «Оқитын мектеп» санаты бойынша Оқу-ағарту министрлігінің, «Оқитын университет» санаты бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ал «Оқитын мемлекеттік қызметкер» санаты бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұсыныстарына басымдық беріп, 345 кітаптан тұратын тізімді қалыптастырды. Сонымен бірге бұған дейінгі «100 кітап» және «Балалар кітапханасы» жобаларында ұсынылған шығармалар да назардан тыс қалған жоқ. Яғни бұл тізімнің артында белгілі бір әдеби талғамды таңу емес, әртүрлі оқырман топтарына лайықты кітаптарды жинақтап, жүйелі түрде оқуға мүмкіндік жасау мақсаты тұр. Тізімге жанрлық тұрғыдан қарасақ, мұнда қазақ және әлем әдебиетінің классикалық шығармалары, қазіргі проза мен поэзия, балалар әдебиеті, танымдық және әлеуметтік мазмұндағы шығармалар, сондай-ақ оқырманның ойлау көкжиегін кеңейтетін бірқатар еңбектер қамтылған. Тізімдегі әлемдік классиканың үлесі шамамен 35–40 пайызды құрайды. Бұл да кездейсоқ емес. Біз оқырманға тек бүгінгі кітаптарды ғана емес, адамзаттың ғасырлар бойы қалыптастырған көркемдік және интеллектуалдық тәжірибесін де ұсынуымыз керек. Сонымен қатар тізімде қазіргі оқырман арасында сұранысқа ие кітаптарға да басымдық берілді. Өйткені кітап оқу марафоны ең алдымен оқырманды кітапқа жақындатуы керек. Қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі лигалар арасында да айырмашылық айтарлықтай емес. Мүмкіндігінше бір кітаптың қазақша және орысша нұсқаларын қатар ұсыну тәжірибесі пайдаланылды. Мұның да өзіндік маңызы бар. Өйткені біздің мақсатымыз – тілге байланысты екі түрлі әдеби орта қалыптастыру емес, барша азаматқа сапалы кітапты қолжетімді ету. Марафонның қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада ұйымдастырылуы да осы ұстанымнан туындайды. Қазіргі таңда жоба аясында мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері, педагогтер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және жалпы оқырмандарға арналған бағыттар қарастырылған. Меніңше, бұл жерде ең басты мәселе – 345 кітаптың өзі емес, осы 345 кітаптың айналасында қалыптасатын оқырман ортасы. Сондықтан «Жылдың 10 оқырманы» жобасын жай ғана марафон немесе жарыс ретінде қарауға болмайды. Бұл – оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстың бір бөлігі. Қазақстан Жазушылар одағы үшін бұл мәселенің орны бөлек. Өйткені жазушы мен оқырманның арасындағы байланыс үзілсе, әдебиеттің қоғамдық қызметі де әлсірейді. Бүгінгі қазақ әдебиетіне оқырман керек. Бірақ кез келген оқырман ғана емес, ойлы, талғамды, талапшыл оқырман керек. Ал талғамды оқырман өздігінен қалыптаспайды. Оған жақсы кітап, сапалы аударма, кәсіби сын, жақсы мектеп, мықты кітапхана және ең бастысы – кітапты құрметтейтін қоғамдық орта қажет. Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағы мемлекет тарапынан әдебиетке, қаламгерге және кітап оқу мәдениетіне көрсетіліп отырған қолдауды жоғары бағалайды, - деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы әрі осы жоба аясында құрылған комиссия төрағасы Мереке Құлкенов.

Конкурсқа қатысуға ниетті әр оқырман әуелі, платформада өзіне сай санатқа тіркеледі. Кейін оқыған әр шығармасы бойынша бейнежазбамен кері байланысты дәл сол платформада жүктеуі керек. Аталған жоба бүгін, яғни қыркүйек айының соңынан бастау алып, сәуір айына дейін жалғасын таппақ. Оқылған әр кітап бойынша өңірлерде наурыз айында тест тапсырылып, озық шыққан оқырман финалға жолдама алады. Әр өңірден 10 оқырман финалға өтіп, 20 өңірден барлығы 200 адам ақтық кезеңге өтеді.

Финал сәуір айына жоспарланып отыр. Ал жеңімпаз сәуір айында анықталып, жүлделі ұтыс «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» қарсаңында табысталынады.

Еске салайық, әр оқырман үшін жүлде қоры 10 млн теңге болып отыр.

Қазақ жазушысының кітаптары мұхит асып, АҚШ-тың 31 штатынан бір-ақ шыққанын жазған едік.