Жылына 100-ден астам бала терезеден немесе ашық жатқан люктерге құлап кетіп жатыр

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зәкиева
Фото: ҚазАқпарат

«Қазақстанда жыл сайын 2 мыңға жуық балаларға қарсы қылмыс жасалады. Күн сайын 1-2 бала өзіне қол салады немесе осындай әрекет жасауға тырысады. Тек осы жылдың 8 айында балалар арасындағы суицид 47 пайызға өсті. Балаларға қарсы жасалған қылмыстар 18 пайызға артты», - деді Д. Зәкиева Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында.

Оның айтуынша, балалар арасында күн сайын шамамен 5 қылмыс жасалатынын және буллинг мәселесі де өте өзекті.

«Жыл сайын 150 бала терезеден құлап кетеді немесе ашық жатқан люктерге түсіп жатады. Атап айтқанда, «AMANAT» фракциясының депуттарымен, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасын әзірледік. Құжат аясында балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, жеткіншектердің қауіпсіздігіне, сондай-ақ балаларға арналған инфрақұрылымды жетілдіруге, бүлдіршіндерге арналған мекемелерді лицензиялауға, буллингке қатысты өзгертулер ескерілген», - деді уәкіл.

Осы орайда ол заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттеріне жазаны күшейту бағытында тиісті бап енгізу ұсынылғанын айтты.

«Екіншіден, мұндай жағдайлар қайталанбауы тұрғысында балаларға қатыгездік жасаған адамдарға психологиялық көмек көрсету курсын қарастырған жөн», - деді Динара Зәкиева.

Оның сөзіне қарағанда, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар үшін жазаны күшейту аясында зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша тараптардың татуласуы мүмкіндігін алып тастау қажет. Себебі қылмыстардың 30 пайызы тараптар татуласуы арқылы жабылып жатыр.

Сонымен қатар ол балаларға қатыгездік танытуға қатысты қылмыстар үшін бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрін алып тастап, бас бостандығынан айыру жауапкершілігін қалдыру керек екенін айтты. Мұнымен қоса, балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылды.