Жылыойдағы мұнай барлау жұмысы: Тәжіғали учаскесінде алғашқы ұңғыма қазылатын болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Жылыой карбонатты платформасы аумағында жаңа мұнай-газ қорларын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаратондағы алғашқы іздестіру ұңғымасынан газ ағыны алынса, Жылыой учаскесінде 3D сейсмикалық барлау басталды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

29 маусымда әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қандай
Фото: Pexels

Жылыой карбонатты платформасы Қайран, Жылыой, Тәжіғалыдан Қаратонға дейінгі перспективалы аумақтарды қамтиды. Ведомство бұл аймақты жаңа мұнай-газ қорларын іздеудің перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр.

– Қазір «Қаратон тұзасты» учаскесінде тереңдігі 5750 метр болатын алғашқы іздестіру ұңғымасы бұрғыланған. Оны сынау кезінде газ ағыны алынған. Барлау жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Қаратонда тереңдігі 6000 метрге дейін жететін екінші іздестіру ұңғымасын бұрғылауға дайындық жүріп жатыр, - делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар Жылыой учаскесінің 400 шаршы шақырым аумағында 3D сейсмикалық барлау жұмыстары басталды. Ведомство мәліметінше, жоба қытайлық CNOOC компаниясымен 50/50 негізде жүзеге асырылады. Барлау кезеңіндегі шығындарды серіктес компания қаржыландырады.

– Платформаның тағы бір бөлігі – Тәжіғали учаскесінде келесі жылы тереңдігі 5000 метр болатын алғашқы іздестіру ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Бұл жобаны «Ембімұнайгаз» арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр, - делінген министрлік жауабында.

Осылайша, Жылыой карбонатты платформасында геологиялық зерттеу бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жатыр: Қаратонда терең ұңғымалар бұрғыланса, Жылыойда сейсмикалық зерттеу басталған, ал Тәжіғалида алғашқы іздестіру ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр.