Жылыту маусымы күрделі ақаусыз өтті - ЭМ
АСТАНА. KAZINFORM – 2024–2025 жылғы жылумен жабдықтау күзгі-қысқы маусымы күрделі ақаусыз өтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.

Оның дерегінше, маусымға дайындық 10 энергетикалық блоктың, 55 қазандықтың және 45 турбинаның күрделі жөндеуін қамтып, ЖЭО және жылу желілеріндегі жоғары тозуды азайту процесін бастауға мүмкіндік берді. Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 27 пайызға азайса, ал температура кестесін сақтамау жағдайлары 3,3 есеге қысқарды.
Маңызды жетістік ретінде 12 ЖЭО жағдайының жақсаруын атап өтуге болады: 9-ы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал 3-еуі «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті. Нәтижесінде «қызыл» аймақта 10 ЖЭО қалды (бұрын 19), «сары» аймаққа 17 ЖЭО (бұрын 11), «жасыл» аймаққа 10 ЖЭО (бұрын 7) өтті.
Келесі жылыту кезеңіне дайындық аясында бекітілген кестеге сәйкес 10 энергия блогы, 63 қазан және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 3 энергия блогында, 12 қазанда және 4 турбинада жөндеу жұмыстары басталды.
Бұған дейін Қазақстанда жылыту маусымына дайындық мониторингі жүйесі мен білім беру платформасы іске қосылатынын жазған едік.