Жылу беру энергетикасында мемлекеттік бақылау күшейтіледі – Алмасадам Сәтқалиев

жылу
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

«Қазір «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң жоқ. Бұл заңнамадағы бар олқылықтарға және осы салада стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарларының болмауы, саланың инвестициялық тартымдылығының болмауы, кәсіпорындардың тиімділігінің жоқтығына және басқа да сияқты көптеген проблеманың жинақталуына әкелді. Аталған мәселелерді реттеу мақсатында министрлік Азия даму банкі тартқан халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен аталаған заң жобасын әзірледі», - деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Жаңа заң жобасы жылу энергетикасы саласындағы құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлуге бағытталған. Атап айтқанда, Энергетика министрлігінің құзыретіне қазіргі кезде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы бекітіледі. Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады.

«Сонымен қатар жылу беру бөлігі бойынша бақылау функцияларын қайта қарау ескерілген. Заң жобасында жылу желілеріндегі бақылау функциялары, яғни ортақ жылумен жабдықтау жүйелері аясында әкімдіктерден Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысатын нормалар көзделген. Бұдан бөлек, жылу энергетикасын жоспарлы дамыту бойынша жаңа тетік енгізу қарастырылған. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысы, халық санының өсуі, өнеркәсіпті дамыту және басқа да факторлармен өзара байланысты жылу энергетикасын жоспарлы дамытуға мүмкіндік береді. Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары елді мекендердің техникалық бөлігі бойынша дамуын ескере отырып, жылумен жабдықтау жүйелерінің дамытумен қатар осы мәселенің экономикалық жағын да ескереді», - деді министр.

Заң жобасы жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Құжат аясында бүкіл салаға мониторинг жүргізу ескерілген. Сонымен қатар, заң жобасы тариф белгілеу қағидаттарын айқындауға бағытталған, яғни тарифтік реттеу қағидаттарын және өлшемшартты белгілейді. Бұл ретте, жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негіздегі деңгейге келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету және халық арасында әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін әлеуметтік осал тұтынушыларды тікелей бюджеттік қолдауды жүзеге асыру тетігі қарастырылған.

«Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өкілеттіктерін күшейту жоспарланған. Ілеспе заң жобасының маңызды аспектісі мемлекеттік органның бақылау функцияларын күшейтуге арналған. Қазір қолданыстағы заңнама, яғни Кәсіпкерлік Кодекс бизнестің мүдделерін қорғау мақсатында бақылау функцияларын шектейді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, елдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін осы аса маңызды салада бақылаудың болмауы ірі апаттардың туындауына себеп болуы мүмкін. Бұл тұрғыда Екібастұз, Риддер, Теміртау қалаларындағы және басқа да қалалардағы ахуал бұған тікелей дәлел бола алады», - деді А.Сәтқалиев.

Айта кетейік, агенттік тілшісіне берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин кейбір делдал компаниялар 1 кВт/сағат жылудан 25 теңге пайда алып отырғанын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар