Жинақ депозитінің тиімділігі қандай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қорының төрағасы Нұрлан Абдрахманов депозиттердің жаңа түрі - жинақ депозиттерінің тиімділігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жинақ депозитінің тиімділігі қандай

«Жаңа ережелерге сәйкес, шұғыл немесе шұғыл емес теңге депозиттері шарттарға байланысты шекті мөлшерлеме 10,5% немесе 12,5%, максималды кепілдік сомасы 10 млн теңге болса, жинақ депозитте басқаша. Онда пайыздық мөлшерлеме 12% -13,5% -дан басталады», - деді Нұрлан Абдрахманов.

Екінші деңгейлі банктерде жинақ депозиттері қазаннан бастап қабылданатын болады. Бұл қаржысын ұзақ уақытқа сақтайтын тұлғаларға тиімді болмақ.

«Жинақ салымы аса маңызды шараға ақша жинауды көздеген салымшыға тиімді. Мәселен, отбасылық демалыс, көлік, ипотекаға алғашқы салым жинауға болады. Адам депозит салған соң оны шешіп ала алмайды. Алдын ала алу үшін банкке 30 күн бұрын арыз жазып қойып, келісімшартты бұзады. Алайда ондай жағдайда пайыздық мөлшерлеме 0,1% ғана төленеді», - деді қор басшысы.

Мұндай депозитті кез келген уақытта толықтыруға болады.

«Егер салымшы келісімшартта белгіленген мерзімге дейін ақшаны алмаса, онда салымшы ақшасын алған кезінде оған инфляция көрсеткішінен асатын сома төленеді. Мәселен, 3 айға пайыздық мөлшерлеме 12 пайыз болса, 1 жылға - 13 пайыз деген сияқты. Биыл инфляция 5-7 пайыз болады деп болжанып отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай депозиттерді 3 айдан бастап 24 айға дейінгі мерзімге ашуға болады.

«1 қазаннан бастап қазақстандықтар жинақ депозитінде 15 млн теңгеге дейін жинай алады. Бұл қаржы мемлекетпен кепілдендірілген. Ал басқа депозит түрлері бойынша кепілдендіру сомасы 10 млн теңге», - деді қор басшысы.