«Жириновский мә­лімдемелеріне үлкен жауапкершілікпен қа­рауы тиіс» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 25 ақпан, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жириновский мә­лімдемелеріне үлкен жауапкершілікпен қа­рауы тиіс» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Дүрліктіргендер бұғып қала алмады» деген мақала берілді. Елімізде әртүрлі коммуникация құралдары арқылы (әлеуметтік желілерді қоса алғанда интернет-хабарламалар, смс) кейбір банктердің банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпарат таратылғаны белгілі болған еді. Осыған байланысты Алматы қалалық прокуратурасы төмендегі жәйтті хабардар етті. Прокурорлық тексеру және ұлттық қауіпсіздік органы тарапынан жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, «Signum» Заңгерлік фирмасы» ЖШС-нің иесі Әбіл­қайыр Нақыповтың және осы фирманың қызметкерлері Вик­тория Тро­фи­мович пен Әйг­ерім Адасбаеваның «Банк­Центр­Кре­дит» АҚ-тың қиын қар­­жы­лық жағдайы туралы жал­ған элек­тронды хабарлама тарат­қандарға қа­тысы бар екендігі анық­талды. Жалған ақпаратты олар Дархан Сәбденовтен алға­ны анықталды, ол бұрын «Банк­Центр­Кредиттің» Алматы айма­ғы бойынша атқару өндірісі бөлі­мінің маманы қызметін атқарған. Алайда аталған банктердің банкрот алдындағы жағдайы туралы жалған ақпараттың ешбір негізі болмаған және болуы да мүмкін емес еді.

Бас басылымда «В.Жириновскийдің мәлімдемесіне қатысты...» деген материал жарияланды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов БАҚ өкілдерінің алдында мәлімдеме жасады. Онда ол 2014 жылғы 23 ақпан күні Мәс­кеуде Ресей Либерал-демократиялық партия­сы (РЛДП) фракциясының төрағасы, Ресей Фе­де­рациясы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі Вла­димир Жириновский митингте сөз сөйлей оты­рып, Орталық Азия мемлекеттерін, соның ішін­де Қазақстанды Ресей Федерациясының құра­мына кіргізуге шақырғанын атап көрсетті. Жириновский ресми тұлға, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты, ірі саяси партияның басшысы болып табылады. Біздің пікірімізше, осындай жоғары мемлекеттік лауазымдарға ие адам өзінің көпшілік алдында жасайтын мә­лімдемелеріне үлкен жауапкершілікпен қа­рауы тиіс. Оның үстіне, бұл саясаткер біз­дің елімізге қатысты жол берілмейтін мә­лім­демелерді бірінші рет айтып отырған жоқ.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, халық пен статистиктер әртүрлі тілдерде сөйлейді. Нәтижесінде, жұртшылықтың түсінбеушілігі артады. Кеше халық қалаулылары осыған қатты кейіді. Біріншіден, депутаттардың айтуынша, елдегі, экономикадағы шын жағдай туралы анық ақпарат табу қиын. Осы мәселені арқау еткен мақала газеттің бүгінгі санында «Ел есепке сенбейді» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Елбасы ескертпелері ескерілді» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Онда енді жаңа тұрған жастарды жұмыстан қуу қиынға айналатындығы және бұл талап тіпті заңдастырылатыны айтылған. Ел Үкіметі «Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның жаңа жобасын Парламентке енгізді. Осы заңның алдыңғы жобасын былтыр ол кері қайтарып алған болатын. Дегенмен бұл жолғы жоба «ақырғы нұсқа» көрінеді. Онда Президент Н.Назарбаевтың ескертпелері ескерілгендігі баяндалған. Құжатты таныстырған Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев оған сәйкес, бұдан бы­лай жұмыс берушілерге жасы 29-ға тол­маған мамандарды ең кем дегенде 2 жылға қызметке алуға тура келетінін жет­кізді. Осы мақсатта ілеспе заң жобасымен Еңбек кодексіне түзету енгізіледі.

«Өткен жылы Ішкі істер органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 28 мыңнан астам қыз-келіншек арызданып, бұл шағымдар бойынша заң шеңберінде тиісті шешімдер қабылданды»,-деп жазады «Айқын» газеті. Ішкі істер органдары дағдарысқа ұшыраған, зорлық-зомбылық көрген 6 мыңнан астам қыз-келіншек құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмек алу үшін дағдарыс орталығына жіберген. Мұндай жағдайдың алдын алу жұмыстары бізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде Қазақ­стан Республикасы ішкі істер органындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласында 133 қыз­меткер еңбек етеді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау қызметі, өз құзыреті шегінде ҚР Президенті жанында­ғы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясымен басқа да құзырлы мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым­дармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Бұл жайында «Әйелдерге араша керек» деген мақалада жан-жақты айтылады.

***

«Түркістан» басылымы «Тимошенко сайлауға қатыса ма?» деген мақаланы жариялады. Юлия Тимошенко Харковьтегі ауруханадан шыға сала Жоғарғы Радаға емес, майданға жол тартты. Мүгедектер отыратын кресломен келген оны алаңдағы халық: «Юлия, Юлия!» деп қолпаштап қарсы алды. Ерекше толқыныспен сөйлеген ол: «Бүгін Украинаны қалай елестетуге болатынын анықтайтын күн! Сондықтан сіздер өз таңдауларыңыздағы адам билікке келмейінше, осында тұра берулеріңіз керек!» деген жалынды сөздерін арнады. «Алайда, 25 мамырға белгіленген мерзімнен тыс президенттік сайлауға Тимошенко қатыса ма, жоқ па, белгісіз. Дегенмен, саясат сахнасындағы ханымның сөзіне қарағанда, президенттік тақтан дәмелі сияқты»,-деп жазады мақала авторы.