Жітіқараның көшелерін түлкі кезіп жүр
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жітіқара көшесін аралап жүрген түлкі әлеуметтік желілерде қызу талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірнеше күн бойы көше ортасында жүрген түлкі желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды. Әшейінде адамды көрсе, қыр асып қашатын ол қаланың шуын елер емес.
Тұрғындардың көбі қалаға келген даланың ашыққан түз тағысын құтыру ауруын таратуы мүмкін деп алаңдайды.
Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасары Михаил Семышевтің айтуынша, өңірдегі барлық орман шаруашылықтарында адамдар аңдарға жем шашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге түлкілердің жаппай ауылдарға кіруі немесе өлуі секілді ақпараттар түспеген.
«Қазір көптеген шаруашылықтар сататын астығын тасып жатыр, ал жол шетінде шашылған астық аң-құстардың несібесіне айналып тұр. Сол себепті қала ішіне еніп кетуі мүмкін», - дейді ол.
Суреттер әлеуметтік желілерден алынды