ЖИ Ұлыбритания сотында алғаш рет істі жеңуге көмектесті
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда сот ісін жасанды интеллект көмегімен жеңіп алудың алғашқы оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.
Мәселе сот істерін дайындау үшін ЖИ пайдаланатын Garfield AI заң фирмасына қатысты. Фирма клиентке 7 мың фунт стерлинг (шамамен 4,4 млн теңге) көлемінде қарыз өндіріп алуға көмектесті. The Guardian газетінің жазуынша, қызмет құны шамамен 400 фунт стерлинг.
ЖИ талап арыз, дәлелдемелер және куәгерлердің айғақтарын қоса алғанда барлық қажетті құқықтық құжаттарды анық ресімдеуге көмектесті. Жүйе сонымен қатар адвокаттармен қорғалатын жауапкер берген қарсы талапты даулауға көмектесті.
Өткен жылдың сәуірінде Ұлыбритания реттеушісінен лицензия алған Garfield компаниясы 30 мың фунт стерлингтен 10 мың фунт стерлингке дейінгі сомаға талап арыз беруге мүмкіндік береді. Ол істі дайындап, содан кейін сотта клиенттің мүддесін қорғау үшін адвокат жалдады.
Тыңдау 14 мамырда Лондон сотында өтті және шамамен үш сағатқа созылды. Сот талапкерді қолдап, жауапкерге қарызды толық көлемде төлеуді бұйырды.
Компанияның негізін қалаушылардың бірі Филип Янг бұл оқиғаны әділеттілікке қол жеткізу үшін «ерекше сәт» деп атады. Оның айтуынша, шағын бизнес қарыздың өзінен асып түсетін жоғары шығындарға байланысты сот ісін жүргізуден жиі бас тартып отырады.
Осы арада технологияның дамуына қарамастан адам сотта әлі де маңызды рөл атқарады. Талапкердің мүддесін қорғайтын адвокат сотқа келу «маңызды және түбегейлі адами процесс» болып қала беретінін мәлімдеді.
Осыған дейін Ұлыбритания ЖИ суперкомпьютерін жасауға миллиард доллар бөлетінін хабарладық.