ЖҚТБ-мен күрес жөніндегі шара 10 желтоқсанға дейін жалғасады

2011-2015 жылдарға арналған ЖҚТБ-мен күрес жөніндегі дүниежүзілік науқанға Қазақстан «Нөлдік көрсеткішке жету: жаңа АҚТҚ індетінің көрсеткіші - нөл, кемсітушілік көрсеткіші - нөл, ЖҚТБ салдарынан қайтыс болудың көрсеткіші - нөл» ұранымен белсенді түрде қатысып келеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының директоры Жәмила Баттақованың айтуынша, АҚТҚ індетінің таралу рейтингі бойынша (0,1%) Қазақстан биыл 21-ден 12- орынға, ал бұл дерттердің бизнеске ықпалы бойынша 96-дан 73-орынға көтерілген.
1 қарашадағы жағдайға сәйкес АҚТҚ індетінің сараптама нәтижесі науқастардың 61,6 пайызын қан тамыры арқылы есірткі пайдаланғандар құрайды. 70 пайызға жуығы - жұмыссыз тұлғалар, осы ретте олардың арасында 35,7%-ы - түрмеде отырғандар. Соңғы жылдары тұрақты жұмысы бар, салауатты өмір салтын ұстанатын және есірткі пайдаланбайтын адамдардың АҚТҚ-ға шалдығу көрсеткіші өсіп отырғаны байқалуда.
ЮНЕЙДС және ДДСҰ сарапшыларының бағалауы бойынша Қазақстан ЖҚТБ мәселелерін шешу кезінде озық тәсілдерді енгізу тұрғысынан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет болып табылады.