ІЖӨ-де көлік саласының үлесі 2026 жылдың соңында 9% жетуі тиіс – министр

машина
Фото: Kazinform

2026 жылдың соңында ішкі жалпы өнімдегі көлік саласының үлесі 9 пайызға жетуі тиіс. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Жалпы, Мемлекет басшысы өз Жолдауында министрлік алдына көлік саласын дамытуға қатысты 12 тапсырма жүктеді. Негізгі тапсырма – Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы жүк қозғалысын қамтамасыз ететін үлкен транзиттік хабқа айналдыру. Ал басты тапсырма – ішкі жалпы өнімдегі көлік саласының үлесін арттыру. Бүгінде ол 6,4 пайызды, жалпы мәнде 14 млрд долларды құрайды», – деді министр БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Яғни, оның атап өтуінше, 2026 жылдың қорытындысында көлік саласының ІЖӨ-дегі үлесі 9 пайызға жетіп, 34 млрд долларын құрауы тиіс.

«Бұл ірі жобалардың жүзеге асырылуы тиістігін, отандық, сонымен қатар шетелдік экспорттық-импорттық жүктердің еркін қозғалуына жағдай жасалуы қажеттігін білдіреді», – деді Марат Қарабаев.

Министрдің дерегінше, биыл темір жол көлігімен жүк тасымалының көлемі орташа есеппен 3,5 пайызға артып, 297 млн тоннаға жететін болады. Бұл ретте оның 28 млн тоннасы Қытаймен арағы 2 түйісу пункті арқылы қамтамасыз етіледі.

«2024 және 2025 жылдары қосымша 20 стансалық жол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл стансалар аталған 2 түйісу пункті арқылы 14 млн тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Қытай тарапынан қуатты арттыруға байланысты жұмыстар аяқталғаннан кейін оны көлемі тағы да 14 млн тоннаға ұлғаятын болады», – деді ол.

Соңғы жаңалықтар