Жобалық-сметалық құжатты түзеу бюджетке салмақ түсіріп отыр — сенатор

АСТАНА. KAZINFORM — Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров жобалық-сметалық құжатты қайталама түзетулерден бас тартып, бюджет қаражатын үнемдеу мәселесін көтерді.

Жобалық-сметалық құжатты түзеу бюджетке салмақ түсіріп отыр — сенатор
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Сенатор Бекбол Орынбасаров Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан нысандарға арналған жобалық-сметалық құжатты қолданылу мерзіміне қатысты нормаларды қайта қарауды ұсынды.

— Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде құрылыс басталмаған жобалау-сметалық құжаттама ескірген болып есептеледі, — деді депутат.

Оның айтуынша, бүгінде жобалық-сметалық құжатты түзету жергілікті атқарушы органдарға айтарлықтай қаржылық салмақ түсіріп отыр.

Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, Маңғыстау облысында мәдениет пен спорт саласындағы жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 12 жобаға түзету енгізу үшін қосымша 4,5 млрд теңге қажет. Ал құны 45,8 млрд теңге болатын 35 жол жобасына тағы 13,7 млрд теңге талап етіледі.

— Жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне қосымша жүктемені болдырмау үшін жобаларды қарау мерзімін ұзарту немесе жобалау-сметалық құжаттаманың сметалық бөлігін ол бекітілгеннен кейін екі жыл ішінде өзекті ету қажет, — дейді Бекбол Орынбасаров.

Еске салайық, құрылыс компаниялары жобалық-сметалық құжаттан ауытқыса, үлескерлерге ақша айырмасын қайтарады.

Соңғы жаңалықтар