Жоғалған дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді - ҚР ОСК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғалған дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және көшірме нұсқасы берілмейді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.
None
None

Ол өз сөзінде сайлау туралы заңға және Орталық сайлау комиссиясы бекіткен дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу ережелеріне сәйкес сайлаушы сайлау күні өзінің болу орнын ауыстырған кезде тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға өтініш жасауға құқылы екендігін атап өтті.

«Есептен шығару куәлігі сайлаушыға немесе сенімхат бойынша оның өкіліне 4 наурыздан бастап, 19 наурыз күнгі сағат 18:00-ге дейін беріледі. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы немесе мүшесі есептен шығару куәлігін толтыруды сайлаушының тілегі бойынша мемлекеттік немесе орыс тілінде жүргізеді. Бұл ретте есептен шығару куәлігін табыс еткен учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі сайлаушылар тізіміндегі сайлаушы тегінің тұсына, «ескертулер» деген бағанға есептен шығару куәлігінің табыс етілгені, оның бес таңбалы сериялық нөмірін, берілген күні туралы жазу енгізуі және қолын қоюы тиіс», - деді М.Сәрсембаев.

Сонымен қатар, оның атап өтуінше, сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға берген өтініші сайлаушылар тізіміне қоса тіркеледі және аталған сайлау учаскесі бойынша оны тізімнен алып тастау үшін негіз болып табылады. Есептен шығару куәлігі басқа сайлау округінде немесе бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келген сайлаушыларға берілмейді.

«Жоғалған дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және көшірме нұсқасы берілмейді. Дауыс беру күні есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде сайлаушы келген жері бойынша тіркеледі. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттарын сайлауда басқа елді мекендегі, бірақ сайлаушы тіркелген сайлау округінің шегіндегі сайлау учаскелерінде ғана дауыс беруге болады. Дауыс беру барлық учаскелерде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-де аяқталады. Егер сайлаушы сайлау күні денсаулық, мүгедектік жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ сайлау учаскесi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын жерде болуына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған жағдайда, ол учаскелік сайлау комиссиясына «үйде» дауыс беруді ұйымдастыру туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Өтініштер ағымдағы жылғы 20 наурыз күнгі сағат 12:00-ге дейін қабылданады», - деді ОСК мүшесі.

Соңғы жаңалықтар