Жоғалған қылмыстық істер қалпына келтіріліп жатыр - Бас прокуратура
«Жоғалған қылмыстық істер архивтерде және басқа да жерлерде болуы мүмкін. Бұл негізінен шешім қабылданбаған әрі уақытша тоқтатылған істер. Жалпы, осындай 3,5 мың іс анықталды. Кейбір жоғалтылған істер қалпына келтіріліп, бірқатар фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды», - деді Марат Ахметжанов.
Оның сөзіне қарағанда, тергеуші қызметінен кеткен кезде басқа тергеушіге тапсырмауына байланысты қылмыстық істер назардан тыс қалуы мүмкін.
Бас прокурор орынбасарының атап өтуінше, салаға электрондық жүйені енгізу жұмыстары толық іске асырылғаннан кейін, құжаттардың жоғалуына жол берілмейді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, істі электрондық түрде жүргізуге болады.
Алдымен, цифрлы формат адамның құқығын қорғауды нығайтады. Себебі барлық процесс алақандағыдай көрініп тұрады. Бастысы - сот пен прокурордың бақылауы артады. Енді жасыру, жалған құжат жасау деген мүмкін емес. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен қызмет бабын теріс пайдалану фактілері де азаяды. Бұл - цифрландырудың ең басты мақсаты.
«Электронды іс жүргізуге көшкен кезде біраз ұйымдастыру шаралары жойылады. Бір жапырақ құжат алу үшін қазіргі тәртіпке сай үш тәулік өтеді, ал енді соның барлығын бір сағатта ұйымдастыруға болады. Бұл ретте тергеушінің уақытын үнемдейді, аса ауыр қылмыстарға көбірек назар аударуға мүмкүндік беріледі», - деді Марат Ахметжанов.