Жоғалған ұшақтың жолаушыларының қаза болғаны анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Непал билігі жексенбіде ішінде 18 адам болған жоғалған жолаушылар ұшағының апатты орны табылғанын хабарлады. Өкінішке қарай, сонымен қатар олар борттағы адамдардың барлығы оқиға орнында ажал құшқанын да айтып отыр.

Жоғалған ұшақтың жолаушыларының қаза болғаны анықталды

Қазіргі кезде ауа райының қолайсыздығына байланысты құтқару жұмыстары қиындады. Ұшақтың қалдықтарын анықтаған әскери тікұшақ апат орын алған жерге қона алмаған және ол жерге әзірге автокөліктегі құтқару отрядтары да жетіп үлгермеген.

Лайнер Покхар туристік курортынан жергілікті уақыт бойынша 13.30-да елдің батысында орналасқан қалалардың біріне қарай бағыт алып ұшып шыққан. Алайда 15 минут өткеннен кейін радардан жоғалып кеткен. Ұшақтағы 18 адамның үшеуі - экипаж мүшелері.

Непалдың жолаушылар әуе флотының жағдайының төмен болуына байланысты 2013 жылдың желтоқсанында барлық непалдық әуе компанияларына Еуроодақ елдеріне сапар жасауға тыйым салынған болатын.