Жоғарғы сот: мектептерде орамал тағуға салынған тыйым жойылған жоқ
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Жоғарғы соты мектепте қыз балаларға орамал тағуға салынған тыйым алынбағанын мәлімдеді.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таралуда.
Істі қарау аясында Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған.
Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі болып табылады.
Сонымен қатар, бейінді Министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған" делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Жоғарғы сот баспасөз қызметі ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екенін атап өткен.
Бұл ретте еліміздегі ең жоғарғы сот органы ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өздеріне алған және заңда белгіленген, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген міндеттерді орындамауы жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
Айта кетсек, Қазақстандық заңгер Жаслан Айтмағанбетов оқушы қыздың орамал таққаны үшін мектеп қабырғасында білім алуына шектеу қою мәселесін көтеріп, Жоғарғы сотқа жүгінген. Кеше ол осы іс бойынша шешім қабылданғанын мәлімдеген еді.
Мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру мәселесі елімізде бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың мектепке хиджабпен келуіне қатысты былай деген еді:
«Конституция бойынша Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек».
Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмыста хиджаб кию мәселесіне пікір білдірді.