Жоғарғы Соттың жаңа судьясы сайланды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы Сотының судьясы сайланды.

судья
Фото: Freepik

Конституцияның 56-бабының 10-тармақшасына сәйкес, Құрылтай ҚР Президентінің ұсынуымен Жорғарғы Соттың судьяларын сайлайды.

- Құрылтай қарауына Жоғарғы Сот судьясы лауазымына Асан Ескендіровті сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсынымы енгізілді. Асан Қайруллаұлы 30 жылдан астам уақыт бойы барлық сот инстанцияларында қызмет етті...Осы орайда бұл ұсынымды қолдауларыңызды сұраймын, - деді ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов.

Жалпы отырыс барысында депутаттар судьяны сайлауға қолдау білдірді.

Асан Ескендіров 1971 жылы дүниеге келген. Ол Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (1996) тәмамдаған.

А.Қайруллаұлы еңбек жолын Көкшетау облысы Ішкі істер департаментінің ЭКО сарапшысы болып бастады (1991-1994).

- Көкшетау облысы Әділет департаментінің кеңесшісі, жетекші маманы, бас маманы қызметтерін атқарған (1994-1996);

- Көкшетау қалалық сотының судьясы (1996-1998);

- Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы (1998-1999);

- Ақмола облыстық сотының судьясы (1999-2002);

- Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2002-2008);

- Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2008-2012);

- Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы (02.07.2012-18.12.2015).

Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап жеті жыл Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болды. Ал 2022 жылы желтоқсанда ҚР Конституциялық Сотының судьясы қызметіне тағайындалды.

Еске салсақ, биыл қазан айында Жоғарғы Соттың 6 судьясы қызметінен босатылды.