Жоғарғы лиганың Б тобындағы ерлер командалары арасындағы ел чемпионатының 5-турында турнир кестесінің көшбасшылары да жеңілістің ащы дәмін татуда
14 сәуір күні жалауын көтерген бұл сайыста бұған дейінгі 4 турдың қорытындысы бойынша көш бастап келе жатқан командалар да жеңілістің ащы дәмін татты. Мәселен семейліктер Қызылорданың «Қорқыт ата ҚМУ» командасына 2:3, ал Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс-2» командасына 1:3 есе жіберді. Ал оларды өкшелеп келе жатқан өскемендіктер үздік үштікті түйіндеп тұрған «Тараз-ТарМУ» командасына 2:3 есебімен ұтылды.
Алайда бұл олардың турнир кестесіндегі жағдайына айтарлықтай ықпал ете алмайды. Өйткені бұған дейінгі турларда «Семей» - 74, «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс-2» - 63, «Тараз-ТарМУ» - 61 ұпай жинаған болатын. Оларды өкшелеп келе жатқан өзге командалардың үздік үштікпен ұпай айырмасы біршама. Мәселен хромтаулықтарда ( «ТНК Қазхром-2») - 47, қызылордалықтарда («Қорқыт-Ата ҚМУ») - 36, теміртаулықтарда («ВСМК- Арселормиттал») - 35, қостанайлықтарда ( «КинЭУ») - 11, астаналықтарда ( «Астана») - 9 ұпай бар.
Сондай-ақ көш соңындағы астаналықтар қаржы тапшылығына байланысты ақтық турға қатыса алмай, барлық кездесуде оларға 0:3 есебімен жеңіліс жазылуда.