Жоғарғы Сот «БАҚ-пен өзара іс-қимыл тұжырымдамасын» қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы судьялардың алтыншы съезінде берген тапсырмаларды орындау мақсатында «Соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы» қабылданды. Жоғарғы Сот төрағасының тиісті өкімімен бекітілген аталған құжатты барлық облыстық және оларға теңестірілген соттар орындауға міндетті.

 Жоғарғы Сот «БАҚ-пен өзара іс-қимыл тұжырымдамасын» қабылдады

Тұжырымдама сот жүйесінің ашықтығын одан әрі арттыруға бағытталған.

Тұжырымдаманың жобасы қоғамда кеңінен талқылану үшін Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында алдын ала орналастырылып, бірқатар мүдделі қоғамдық ұйымдарға жолданды. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық ұйымы, «Интерньюс», Қазақстанның журналистер одағы, Бас редакторлар клубы, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі тұжырымдамаға қолдау білдірді.

Тұжырымдама жобасы «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарында бекітілген міндеттер мен келіп түскен ескертулер, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен интернеттегі ақпараттық саясатты іске асыру тұрғысынан пысықталды.

Тұжырымдамада соттардың масс-медиамен өзара жұмысы бойынша ағымдағы ахуал талданып, соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылының негізгі қағидаттары мен мақсат-міндеттері айқындалды.

Тұжырымдаманың негізгі міндеттері - тұрғындардың соттарға деген сенім деңгейін арттыру, осы жұмысқа сот корпусының өкілдерін тарту, сот жүйесінің қызметі туралы ақпараттық материалдарды әзірлеу сапасын жақсарту, БАҚ өкілдерін сот ақпаратымен жұмыс істеу ерекшеліктеріне оқыту.

Шығарылған нақты сот актісінің логикасына мән бере отырып, судьялар жұмысының ерекшеліктерін түсіндіру үшін үйлестіруші-судьялардың қызметін жаңа деңгейге көтеру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, соттың ақпаратын бұқараға жеткізу және неғұрлым резонансты істер бойынша түсініктемелер беру бөлігіндегі ресми өкілдің міндеттерін орындау үйлестіруші-судьяларға жүктелетін болады.

Тұжырамдаманы іске асыру шеңберінде судьялыққа кандидаттарды қарастыру барысында Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер жұмысының ақпараттық ашықтығын арттыру мәселелеріне айрықша назар аударылады. Аталған Кеңестердің құрамында БАҚ және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің болуына мән беріледі.

Соттардың қызметі туралы ақпараттық материалдардың сапасын арттыру мақсатында сот процестерін жариялау үшін БАҚ өкілдеріне олардың сот отырысы залдарына қолданыстағы заңнамаға сәйкес кіруін қамтамасыз ете отырып, аудио, бейне жазбамен қамтамасыз етілген баспасөз орталықтарын құру мүмкіндігі қарастырылуда.