Жоғарғы сот Евгений Жовтистің ісіне қарасты Балқаш аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды
АСТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жоғарғы сот белгіл құқыққорғаушы Евгений Жовтистің ісіне қарасты Алматы облысының Балқаш аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Балқаш аудандық соты 2009 жылдың қыркүйек айының 3-інде Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 296-шы бабының 2-ші бөлімі бойынша Евгений Жовтисті кінәлі деп тапқан. Аталмыш бап көлік басқарып келе жатқан адамның жолда жүру ережесін бұзып, нәтижесінде адам өлгенде кінәлі азаматтың жауапкершілігін қарастырады. Ал сот кінәлі деп тауып отырған Е.Жовтис өзінің джипімен келе жатып жолдың бойында қарсы келе жатқан азаматты қағып кетіп, зардап шеккен азамат оқиға салдарынан алған дене жарақаттарының нәтижесінде мерт болған. Аталмыш әрекетке жүргізілген тексеру сараптау жұмыстары Е.Жовтистің 80 шақырым жылдамдықпен келе жатқандығын және оның оқиға болардың алдында тежегішті баспағандығын көрсетіп отыр. Өйткені көлік азаматты соққаннан кейін де айтарлықтай жер жүріп өткен. Көлікпен келе жатып адам қағып кеткендігін Е.Жовтистің өзі де мойындаған. Осыған байланысты Балқаш аудандық соты Евгений Жовтисті кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айырған.
Бүгін Жоғарғы сотта осы іс бойынша Е.Жовтистің адвокаты Виталий Вороновтың қолдаухаты қаралды. Жоғарғы сот Алматы облысының Балқаш аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. «Евгений Жовтис адвокаты жазған қолдаухатты Жоғарғы сотқа немесе Бас прокуратураға өзі де жаза алады және ол өзінің көзқарасын білдіруге құқылы», деді Жоғарғы соттың судьясы Ақылтай Қасымов.