Жоғарғы сот ғимаратының алдында ер адам өзін өртемек болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Жоғарғы соты ғимаратының алдында өз-өзін өртемек болған ер адам 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда сотының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Биылғы 20 шілдеде азамат М. ҚР Жоғарғы соты ғимаратының алдында үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеуге оқталған.
Оған қатысты «Ұсақ бұзақылық» (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
М.-нің түсініктемесі бойынша ол Түркістан облысының бірінші сатылы сотында бүгінгі күні қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің ағасы болып табылады», - делінген хабарламада.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот аталған азаматты кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
«Сот жазаны қоғамға теріс әсер ететін және қоғамға құрметтемеушілік білдіруге бағытталған қасақана әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады», - деп түсіндіреді соттан.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.