Жоғарғы Сот кадр саясатының тұжырымдамасын әзірледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Соты кадр саясатының тұжырымдамасын әзірледі. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Соты судьяларының кеңейтілген кеңесінде ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми мәлімдеді. Еске салайық, кеңес отырысы «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру аясында сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі бағыттары» тақырыбында өткен болатын.
Қ.Мәмидың айтуынша, 2014 жылы елімізде судьяларға қатысты қаралған істер саны 20 пайызға, ал тәртіптік шара қолдану бойынша қозғалған істер 14,3 пайызға қысқарған. Сонымен қатар, 2013 жылы қылмыстық жауапкершілікпен 8 судья жазаланса, былтыр бұндай жауапкершілікке 3 судья тартылған.
«Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Партиялық бағдарламаны бекіте отырып, жемқорлық - ұлттық қауіпсіздікке төнген жойқын қатер екендігін айтты. Жемқорлықпен күрес - барша Қазақстан қоғамының маңызды міндеті. Сот төрелігінің мінсіз жүйесі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатының шешуші құралы - құқық үстемдігін қамтамасыз ету жүйесінің негізгі діңгегі болып табылады», - дей келе Қ. Мәми сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу бойынша барлық мәсеселер түбегейлі шешім таппай отырғанына да назар аудартты.
«Алда үлкен міндеттер тұр. Судьялардың алтыншы сессиясында Ұлт көшбасшысы жаңа сапалы сот корпусын қалыптастыруды тапсырды. Осы мақсатта Жоғарғы Сот кадр саясатының тұжырымдамасын әзірледі. Бұл - судьялар және сот персоналдарымен жұмысты жетілдіруге бағытталған кешенді құжат. Құжаттың құқықтық саясатты зерттеу орталығының оң қорытындысын алған», - деді Қ.Мәми.