Жоғарғы Сот Қайрат Жамалиевтің жазасының қысқартылуын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы 13 жылға сотталған кәсіпкер Қайрат Жамалиевке жазаны өтеу мерзімі қысқартылды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның жолдаған сауалына Жоғарғы Соттан мәлім етті.  

Жоғарғы Сот Қайрат Жамалиевтің жазасының қысқартылуын түсіндірді

«Кассациялық инстанция сотталушының өтініші бойынша, зардап шегушінің (Әліби Жұмағұлов) пікірін ескере отырып, сотталушы Қайрат Жамалиевтің әрекетін ҚР ҚК 194-бабының 4-бөлігі 2-тармақшасынан (Адамдардың тобымен күш қолдана отырып бопсалау) ҚР ҚК 194-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасына (Ірi көлемде мүлiкке ие болу мақсатымен бопсалау) ауыстырды», - делінген Жоғарғы Соттың жауабында.

ҚР ҚК 194-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасы мүлкін тәркілей отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

«Қайрат Жамалиевке орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалған бөлімдерде шығарылған сот актілері өзгеріссіз қалдырылды. Процессуалды заңнаманың талаптарына сәйкес, қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды», - деп түсіндірді Жоғарғы Сотта.

Ведомстводан атап өткендей, кейбір БАҚ-тарда Қ.Жамалиевтің мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы мүмкіндігі туралы жарияланған ақпарат еш негізсіз және болжам ғана болып табылады.