Жоғарғы Сот қазақстандық компанияның «Сhivas Regal» тауарлық белгісін рұқсатсыз қолдануын заңсыз деп тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Соттың атына ҚР Сыртқы істер министрлігінен хат келіп түсті. Хатта ол Сыртқы істер министрлігіне келіп түскен Францияның Қазақстандағы Елшілігінің алғыс хат нотасының мазмұнын хабарлаған. Елшілік Қазақстанның жоғары сот органының «Chivas Holdings (IP) Limited» компаниясының талап арызын қанағаттандыру жөніндегі қаулысына қатысты өз алғыстарын білдірген.
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, нотада: «Жоғарғы Соттың қаулысы шетелдік инвесторлар үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынталандырушы көрсеткіш болып табылады және Қазақстандағы инвестициялық ахуалға оң әсерін тигізеді. Бұл шешім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында қол қойылған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге енгізілген сауда белгілері үшін аймақтық / ұлттық түпкілікті қағидаттарға толығымен сәйкес келеді»,- делінген.
Азаматтық даудың мәні мынада.
Қазақстанның Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Chivas Holding (IP) Limited» компаниясына айрықша құқық беретін «Chivas Regal» элементін тауар белгісі ретінде тіркеген. Алайда, өндіруші «Сhivas Regal» тауарлық белгісі таңбаланған 14 мыңнан астам бөтелке шотланд вискиін «Бриг» ЖШС-ы Қазақстан аумағына тасымалдаған.
«Chivas Holding (IP) Limited» компаниясы «Бриг» ЖШС тасымалдаған тауар оларға тиесілі «Сhivas Regal» тауарлық белгісімен таңбаланғандығына сілтеме жасай отырып, зияткерлік меншікті рұқсатсыз және келісімсіз қолданғанын негізге ала отырып сотқа шағымданған. Талап арызда «Бриг» ЖШС-ының «Сhivas Regal» тауарлық белгісін қолдануға бағытталған әрекеттерге тыйым салу көрсетілген.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық сатылар бұл талап-арызды қанағаттандырмаған. Сот актісімен келіспеген компания Жоғарғы Сотқа жүгінген. Өтінішхатта талапкер 2012 жылы Қазақстан Кеден одағына кіргенін, соған орай қабаттас импортқа тыйым салатын арнайы нормалардың күшіне енгендігін соттардың ескермегендігін атап көрсеткен.
Жоғарғы Сот осы азаматтық істі қарастыра келе, іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, «Chivas Holding (IP) Limited» компаниясының талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды: «Бриг» ЖШС-ның «Сhivas Regal» тауарлық белгісін қолдану әрекеті осы тауарлық белгінің құқық иеленушісінің құқықтарын бұзуына байланысты заңсыз деп танылды, сәйкесінше аталған тауарлық белгіні «Бриг» ЖШС-ның бұдан әрі құқық иеленушінің келісімінсіз қолдануына тыйым салды.
Жоғарғы Сот өзінің қаулысында бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс түсінбегендігін және қолданбағандығын көрсетті.
«Бриг» ЖШС аталған тауарлық белгіні қолдануға және оны республика аумағына енгізуге құқылы екендігін растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсына алмады.