Жоғарғы Сот Кеңесі автономдық мемлекеттік мекеме ретінде қайта құрылады - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі туралы» заң жобасын талқылап, бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен құжатты Мәжіліске қайтарды.

Жоғарғы Сот Кеңесі автономдық мемлекеттік мекеме ретінде қайта құрылады - Сенат

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілістің мақұлдауынан өткен заң жобасы мемлекеттің бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын атқару мақсатында әзірленген. Құжатқа сәйкес, Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру, судьялардың тәуелсіздігі мен ешкімнің тиіспеу кепілдіктері жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылатын автономды мемлекеттік мекеме болып табылатындығы айқындалған. Бұл ретте оны дербес мекемеге қайта құру жолымен құқықтық мәртебесі белгіленеді. Соған байланысты ҚР Жоғарғы Сот Кеңесін және оның аппаратын ұстауға арналған шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады. Ал Кеңес аппаратының басшысын ҚР Президенті тағайындап, аппарат туралы ережені және штат санының лимитін бекітеді.

«Кеңес құрамына Жоғарғы Соттың Төрағасы, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісті тұрақты комитеттерінің төрағалары, Бас Прокурор, Әділет министрі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның басшысы, судьялар мен отставкадағы судьялар тағайындалады. Сонымен қатар, оның құрамында ғалым заңгерлер, адвокаттар, шетелдік сарапшылар, Судьялар одағының өкілдері тағайындалуы мүмкін», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Ақылтай Қасымов.

Оның айтуынша, заң жобасында лауазымы бойынша Кеңес мүшелері мен шетелдік сарапшыларды қоспағанда, Кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде негізгі жұмыс орны бойынша міндеттерін орындаудан босатылатыны белгіленген. Судьялар және мемлекеттік қызметшілер болып табылатын Кеңес мүшелерінің негізгі жұмыс орны бойынша жалақысы сақталады.

Заң жобасына талқылау барысында сенаторлар тарапынан бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігі туындаған. Атап айтқанда, депутаттар судьялыққа кандидаттардың жұмыс өтіліне қойылатын талаптарға қатысты түзету енгізген. Осыған орай, құжат Мәжіліске қайтарылды.