Жоғарғы Сот қызметкерлері қарттардың көңіл-күйін көтеріп қайтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік қадағалаушы алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыровтың, ҚР Жоғарғы Сот судьясы Ұлболсын Сүлейменованың және ҚР Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испановтың бастауымен Жоғарғы Сот өкілдері «Астана қаласы әкімшілігінің қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік-медициналық мекемесіне» барды.
Атап айтқанда, бұл игі шара Отбасы күнін атап өтуге бағытталған. Жоғарғы Сот қызметкерлері мекемедегі өмір сүру жағдайымен танысып, медициналық бөлімде болды, сондай-ақ асхананы және кітапхананы аралап көрді. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде осы кітапханада қарттар компьютерлік сауыттылыққа үйренуде.
Мерекелік көңіл-күй орнату мақсатында Жоғарғы Сот қызметкерлері концерттік бағдарлама ұйымдастырды, бағдарламаға вокалдық және би нөмірлері енді. Ілияс Испанов бүгінгі шара барысында қарттардың көңіл-күйі көтерілгенін айта келе, «Қала тұрғындары осы мекемедегі қарттарға шамасы келгенше назар аударғаны жөн. Адамдар өздерінің шамалы уақытын бөліп, келгендерінің өзі қарттарға жақсы әсер етеді»,- деді.
Кездесу барысында отбасы мен отбасылық дәстүрлер барлық уақытта халқымыз үшін басты құндылықтар болып келгені туралы айтылды. Адамгершілік, әділдік, табандылық пен жауапкершілік сияқты адами қасиеттерге тәрбиелеу отбасынан бастау алады. Отбасы неғұрлым ынтымақты болса, мемлекет те соғұрлым нығая түсетні де сөз болды.
Кездесу соңында Жоғарғы Сот қызметкерлері естелік ретінде тұрмыстық техникалардың бірнеше түрін табыстады.
Әлеуметтік мекемеде 300-ге жуық адам тұрады. Олардың көбі - туа біткен ауруға шалдыққан мүгедектер. Аталған мекемеде белсенді ұзақ өмір сүруге ықпал ететін барлық әлеуметтік-медициналық қызметтер кешенді түрде көрсетіледі.
Отбасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қыркүйектің екінші жексенбісіне белгіленді. Осы атаулы күнде еліміздің барлық күндерінде ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырылуда.