14:35, 09 Шілде 2010 | GMT +5
Жоғарғы сот өз қызметін талапқа сай жүзеге асыра алмайтын сот өкілдерін арнайы тізімге енгізеді - М.Әлімбеков
АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Еліміздің аймақтарында қолданысқа енген жаңа заң талаптарын білуге ынталы емес азаматтар бар. Бұл облыстағы кейбір сот төрағаларының жалқаулыққа мойынсұнып отырғандығының көрінісі.

Бұл кешірілмейтін жағдай», деді Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков. Бұл туралы ол бүгін еліміздің сот жүйесінің жарты жылдық қорытындысына арналған Жоғарғы сот судьяларының жалпы отырысында мәлім етті.
Оның айтуынша, заңды білуге ынтасыз мұндай сот өкілдері арнайы мәліметтер банкіне енгізіледі. «Бүгінгі отырыс барысында облыстық сот төрағалары мен қызметкерлеріне қатысты айтылғандардың барлығы назарға алынады және арнайы тіркеуге қойылады. Бұл мәселелердің барлығы сот өкілдерінің қызмет сатысымен көтерілу кезінде назарға алынады. Сондай-ақ біз мониторинг жұмыстарын тек судьяларға қатысты ғана қолданбаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық соттарды да қамтитын болады», деді Жоғарғы сот төрағасы.