Жоғарғы Сот судьялар қызметін бағалауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сот кабинеті» сервисінде соттар мен судьялар қызметін сыртқы бағалау жөніндегі пилоттық жоба (сауалнама) іске қосылды.

Жоғарғы Сот судьялар қызметін бағалауды ұсынды

Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен сот талқылауларына қатысушылар ғана респондент ретінде қатыса алады. Бұлар: талап қоюшылар, өтініш берушілер, жауапкерлер, адвокаттар, прокурорлар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ аталған сервиске тіркелген өзге де тұлғалар.

Дербес сұхбаттасу жергілікті соттар мен судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру және соттар жұмысын ұйымдастыру қызметі туралы объективті ақпарат алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.  

Сауалнама сот төрелігіне қолжетімділік, соттарда жарыспалылықты қамтамасыз ету, судьялардың сот әдебін сақтауы және т.б. туралы 10 сұрақтан тұрады.   

Сауалнама биылғы 10 сәуір мен 1 шілде аралығында пилоттық жоба ретінде жүргізіледі. Оның нәтижелерін Жоғарғы Сот аппаратының жауапты қызметкерлері талдайды және Сот жюриінің біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалау барысында пайдаланады. Сауалнаманың нәтижелері соттар жұмысын жақсарту бойынша алдағы шараларды әзірлеу барысында да қолданылады.   

Қазіргі таңда «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің тұтынушыларының саны - 540 мыңнан асты. Жоғарғы Сот бұл жобаны 2014 жылы іске қосқан болатын.

«Сот кабинеті» сервисінің қызметі электрондық өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтар сотқа талап арыздарды (өтініштерді), апелляциялық шағымдарды, сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхаттарды  сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады, әрбір тұтынушы үшін ыңғайлы жерде интернет арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге мүмкіндік береді.

Сауалнамаға «Сот кабинеті» сервисінде авторизациядан өту арқылы қатысуға болады.