Жоғарғы Сот судьясы сот жүйесінің оңтайландырылған инстанциялар жұмысының ұстанымын түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде сот жүйесін дамыту тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Бағлан Мақұлбеков сот жүйесінің оңтайландырылған инстанциялар жұмысының ұстанымын түсіндіріп берді.
«Ұлт жоспарының 16-қадамын жүзеге асыру мақсатында бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу қарастырылған. Жаңа үш сатылы сот жүйесі бірінші инстанцияны, яғни аудандық, қалалық және оларға теңестірілген соттарды қамтиды, аппеляциялық - бұл облыстық және оларға теңестірілген соттар, сондай-ақ кассациялық - ол Жоғарғы Сот. Атап айтқанда, сот қаулысына шағым түсіру мүмкіндігі аппеляцияға беру құқығын қарастырады, яғни істі екінші инстанция сотымен қайта қарау мүмкіндігін және ревизиялық кассациялық инстанция соты шешімінің заңдылығын тексеру құқығын ескереді», - деді Б. Мақұлбеков.
Оның сөзіне қарағанда, апелляциялық инстанция толық көлемде актілерді қайта қарауды жүзеге асырады, бірінші инстанция соты кемшіліктерінің орнын толтыра алады. Сонымен қатар сотқа жүгінген субъект мемлекеттік салық төлеуден босатылады.
«Мұнымен қоса, кассациялық инстанциямен құқық бойынша сот актілерін тексеру іске асырылады, кассациялық өтінішхаттарды беру үшін мерзім алты айға дейін қысқартылды», - деді судья.