Жоғарғы сот судьясы ұлының қылмыстық жауапкершілікке тартылуына орай отставкаға өтініш берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ҚР Жоғарғы сотының судьяларын лауазымынан босату туралы мәселе қаралды.
Комитет отырысында ҚР Президентінің ҚР Жоғарғы сотының судьялары Елена Ақмолдаеваны және Владимир Борисовты қызметінен босату туралы ұсынымын ҚР Жоғарғы соты Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров оқып берді. Бұл ретте судья Е. Ақмолдаеваның қызметінен босату туралы ұсынымға оның отставка туралы өзінің өтініш беруі негіз болып отыр. Отырыс барысында сауалдарға жауап берген судья өзінің ұлы қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты өтініш бергенін де алға тартты. Ал судья В. Борисов жасына байланысты құрметті демалысқа кетуіне орай лауазымынан босатылатын болады.
Талқылаудан соң комитет аталған мәселелерді Сенаттың алдағы отырысында қарау туралы шешім қабылдады. Еске сала кетейік, ҚР Конституциясына сәйкес, ҚР Президентінің ұсынысы бойынша ҚР Жоғарғы сотының судьяларын қызметінен босату Сенаттың ерекше қарауына жатады.