Жоғарғы Сот төрағасы азаматтардың жаңа жылдағы алғашқы легін қабылдады

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров азаматтарды қабылдаудың 2013 жылғы алғашқы шарасын өткізді.

Жоғарғы Сот төрағасы азаматтардың жаңа жылдағы алғашқы легін қабылдады

Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Азаматтарды қабылдау барысында тоғыз өтініш жасаушының мәселесі негізінен, сот актілеріне шағымдануға қатысты болды. Мәселен, Астана қаласының тұрғыны Г. Галинаның өкілі ұзақ жылдар бойы ішімдікке салынған ұлының адам өлтіруіне қатысты сот үкімін жоюды сұрайды. Бұл ретте адвокаттың пікірінше, іс объективті қаралмаған, сот сараптаманың нәтижелерін қаперге алмаған, сондай ақ сотталушының жарымжан болғандықтан кісі өлтіруге шамасы келмейтініне назар аударылмаған. Ал Алматы облысының 70 жастағы тұрғыны М. Қанапия өзінің атына жабылған жаланы ақтап алғысы келетінін айтқан. Орман шаруашылығының бұрынғы директорының айтуынша, 20 жыл бұрын оны өзінің жұмысшыларының жалақысын жымқырды, заңсыз үй салды деп негізсіз айыптаған.

Ал Маңғыстау облысынан келген егде әйел өз ұлына көмек көрсетуді сұрайды. Зейнеткер кейуананың айтуынша, баласын бір алаяқ әйел алдап-арбап несие алып алған, енді банк одан ірі мөлшерде қаражат талап етуде екен.

Бұдан бөлек, келушілер қатарында еліміздегі бір ірі банктің басқарма орынбасары да болған. Кассациялық сот инстанциясы банкті шағымданушының шотына 300 миллион теңге өндіріп беруге міндеттеген. Қаржы мекемесінің өкілі бұндай сот шешімін негізсіз санайды және Жоғарғы Сот төрағасынан қабылданған сот актісін тоқтатуды сұрайды.

Азаматтарды қабылдаудан соң төраға Б.Бекназаров Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі қадағалау сот алқасының төрағасына және жауапты қызметкерлерге келушілердің шағымдарына қатысты оларды жете зерделеу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Солардың нәтижесіне орай, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.