«Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан халқынан кешірім сұрайды» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партияның Саяси кеңесі бюросының мәжілісі өтті. Оның сайлаудан кейінгі алғашқы отырысында Парламент Мәжілісінің 5-ші шақырылымына «Нұр Отан» партиясы атынан баратын депутаттардың есімдері мәлім болды. Отырысты ашып, өткен сайлау Қазақстанның демократиялық дамуындағы маңызды қадамға айналғанын атап өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Халықаралық ұйымдардың, басқа да сарапшылардың ашық әрі әділ сайлау өтті дегенін білесіздер. Сайлаушылардың еркін таңдау жасауына барлық жағдай жасалғанын жұртшылық та, сарапшылар да, байқаушылар да көрді. Осылайша біз демократиялық құндылықтарды қаншалықты қадірлейтінімізді бүкіл дүниеге көрсеттік», - деді. Мақаланы толығымен «Мәжіліске - мандаттар» деген тақырыптап оқи аласыздар.
Тәуелсіздіктің халқымыз үшін қасиетті сезім екенін уақыт дәлелдеп келеді. Осыдан 20 жыл бұрын театр өнерінің іргетасын қалаған, өнердің үш бәйтерегі Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақовтың туған жері Қостанай өңірінде өз театры болады дегенге ешкім сенбес еді. 2000 жылы облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен тұңғыш рет қазақ драма театры ашылып, оның лентасын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиып, қостанайлықтарға құтты болсын айтқан болатын. Енді, міне, бұрын ескі мәдениет сарайында тұрып келген театрға жаңа ғимарат салынды. Бұл тек қостанайлықтардың ғана емес, бар қазақтың мерейін асыратын қуаныш болды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Бар қазақтың мерейін асыратын қуаныш» деген тақырыптан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында тарих ғылымының кандидаты, доцент Ермек Чукубаевпен арадағы сұхбат «Жастарымыз жапа-тармағай жоғары оқу орнының дипломын алуға ұмтылмай, мамандық алуға бет бұрса екен деймін» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Дипломды сандыққа салып тастап, жұмыс таппай жүргендер жетерлік. Ал өндірістің көп саласында маман тапшы. Сондықтан кәсіптік лицейлердің жұмысын дұрыс жолға қою керек. Егер жастарымыз нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды таңдап, сол саланың білікті маманы болып жатса, онда оның өзіне де, отбасына да, елге де пайда көп болар еді», - дейді.
Кеше Парламент Сенатының жалпы отырысында сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобалары талқыланып қабылданды. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген «Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан халқынан кешірім сұрайды» деген тақырыппен басылған мақалада Сенат депутаттары бұл заң жобаларына қырағылық танытқандығы жайында жазылған. Басылымның атап өтуінше, халық қалаулысы Светлана Жалмағамбетова Жәкішевтің жемқорлыққа қатысы болуы салдарынан 6 судьяның жұмыстан босағандығын, бұл ретте Жоғарғы сот төрағасын жемқорды ақтағандығы үшін кінәлаған. «Әрине, Қазақстанның сот жүйесіндегі барлық кемшіліктерге Жоғарғы соттың төрағасы ретінде мен жауаптымын. Мен Қазақстан халқының алдында сот жүйесінде орын алып келе жатқан кемшіліктер үшін кешірім сұраймын», - депті Бектас Бекназаров.
***
«Мемлекет басшысының атына Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Еңкес ауылының тұрғыны Зәмзәгүл Әлімбековадан хат келді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Көп балалы ана өз хатында тәуелсіз елімізді күллі әлемнің мойындауы, елімізде сан ұлт өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі Елбасы жүргізіп отырған сындарлы саясаттың жемісі екенін атап өтеді. Хат авторы :«Бізге айрандай ұйыған елдің мызғымас бірлігі, халқымыздың тату тірлігі қажет. Ақ жаулықты аналар әрқашан Сізбен бірге! Сізді қолдап, қуаттаймыз» деп ізгі ниетін білдіріп, өз ойын жыр жолдарымен түйіндейді.