Жоғарғы Сот төрағасы мемлекет қажеттілігіне алынған жерлердің құны тым жоғары деп санайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот төрағасы мемлекеттік қажеттіліктерге алынған жерлердің құны тым жоғары деп санайды. Бұл туралы ол бүгін судьялардың алқа отырысында мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік қажеттіліктер үшін сатып алынатын жерлерге қатысты істерге мұқият зер салған дұрыс. Соңғы жылдары жылжымайтын мүліктің, әсіресе жердің құны біршама түскені бәрімізге белгілі. Бірақ жерлердің кейде тым жоғары бағамен алынуы сақталып отыр. Оңтүстікте жол құрылысына алынған жерлерге тым жоғары өтемақы төленгені есімізде, судьялар тараптарға жақтасып кетіп жатқан жоқ па!?», - деді Қ. Мәми.
«Оқиғаға кешенді қараған жөн, жалпымемлекеттік, жалпыұлттық мүдде ұстанымы болуы шарт», - деді Жоғарғы Сот төрағасы.
Қайрат Мәми отырыс барысында Жоғарғы Соттың судьялар алқасын да сынға алды.
«Былтыр шілде айында біз әр алқада арнайы отырыстар өткіздік. Онда нақты міндеттер жеке-жеке талданды. Жоғарғы Сот алқасының жұмысында әлі оң өзгеріс көріп отырғаным жоқ. Өткен жылы судьялар кассациялық сот отырысында қарау үшін 1 172 қолдауxат түскен, олардың бестен бірі негізсіз деп танылды. Бұл алқаның өзіне бірыңғай шешімдер жоғын немесе судьялардың сауатсыздығын білдіреді. Олар Жоғарғы Соттың олардың алдына қойып отырған мақсат-міндеттерді түсінбейді. Осындай жағдайда Жоғарғы Соттың жергілікті соттар үшін құқықтық ұстанымдарының беделі туралы қалай айта аламыз!?», - деді ол.