Жоғарғы сот Владимир Козловқа қатысты қадағалау өндірісін қозғаудан бас тартты
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы сот Владимир Козловқа қатысты қадағалау өндірісін қозғаудан бас тартты.
«ҚР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 464-бабының 1 бөлігінің 2-тармағын басшылыққа алып, судьялар қаулы етті. Қорғаушы Венера Сәрсенбинаның сотталған Владимир Козловтың мүддесін қорғап келтірген өтініші бойынша қадағалау өндірісін қозғаудан бас тарту жөнінде шешім қабылданды. Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылды", -деді Жоғарғы сот судьясы Моряк Шегенов.
Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында В.Козловтың қорғаушысы В. Сәрсенбина ақтау үкімін шығаруды сұраған еді.
Естеріңізге сала кетейік, «Алға!» тіркелмеген оппозициялық партияның көшбасшысы Владимир Козлов сот шешімімен 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен қаласында орын алған тәртіпсіздікте айыпты деп танылып, жалпы режимдегі колонияда жеті жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол ҚР ҚК-нің 164 бабының 3 бөлімі, 170 бабының 2 бөлімі және 235 бабының 1 бөлімімен қарастырылған қылмыстарды жасағаны үшін айыпты болып танылды.
Сот өкіміне сәйкес, оның Орал қаласындағы үш жер учаскесі мен екі көлігі, сондай-ақ Қазақстанның 13 қаласындағы пәтерлері тәркіленді. Бұдан басқа, Владимир Козловтан Алматыда оның көлігін тексеру кезінде табылған 9,5 мың доллар, және «Алға!» тіркелмеген партиясының кеңсесінде табылған 2 мың доллар тәркіленді.