Жоғарғы Сот жанынан мамандандырылған алқа құру инвестициялық дауларды шешуді жеделдетеді - Қ. Мәми
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Сотының жанынан арнайы мамандандырылған алқа құру инвестициялық дауларды шешуді жеделдетеді. Бүгін Астанада «Әділетті сот жүйесі және тұрақты заңнама - тартымды инвестициялық климаттың негізі» атты тақырыппен өтіп жатқан «дөңгелек үстел» барысында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.
«Тәжірибе жүзінде барлық істердің қаралу барысында мемлекеттік органдар да, бизнес субъектілері де оны Жоғарғы сотқа дейін барғызуға ұмтылады. Бұған құқық нормаларын қолдану барысында қателіктер жеберетін, тіпті кей жағдайда мемлекет мүддесін теріс түсінген жергілікті соттар да жол беріп жатыр. Екінші жағынан, сот шешімдері бір ғана мақсат үшін - тек жоғары сот инстанцияларының қаулысын иеленуі үшін таласқа түсетін жағдайлар да жиі кездеседі. Соның салдарынан бұған уақыт та кетеді, инвестицияның экономикалық тиімділігі де жоғалады. Осыған орай, біз Жоғарғы сот жанынан мамандандырылған сот және алқа құру сот актілерін қарау тәртібін мейлінше қысқартады, инвестициялық даулардың түпкілікті шешімін жеделдетеді деп ойлаймыз», - деді Қ. Мәми.
Оның сөзіне қарағанда, арнайы мамандандырылған сот құру сот судьяларының мейлінше нақты бір бағытқа мамандануын қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде жоғары кәсіби білікті қадамға жол ашады.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда ҚР Жоғарғы соты жанынан шетелдік инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын дербес сот құру мәселесі қарастырылуда. Бұл дауларды неғұрлым жоғары деңгейде шешуге және жергілікті билік органдарының сотқа ықпал етуінің ықтимал мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.