Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент қызметкері 6 жылға сотталды
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасау фактісі бойынша Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департаментінің қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасы хатшылығының меңгерушісі Н.Сәрсенов пен пара алуға делдал болу фактісі бойынша Г.Скрыпинаға қатысты қылмыстық іске тергеу жүргізді.
Н.Сәрсеновты Агенттік қызметкерлері үстіміздегі жылдың 22 қаңтарында Жоғары соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасы азаматтық істі қарау кезінде оң шешім шығаруына көмектесу үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директорынан 22 мың АҚШ долларын алу үстінде қолға түсті.
Үстіміздегі жылғы тамыздың 31-і күні Астана қаласы, Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Н.Сәрсенов қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасауға әрекеттенгені үшін айыпты деп танылып, ол мүлкін тәркілеумен бірге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Г.Скрыпина параны алуға делдалдық еткені үшін кінәлі деп танылып, екі жыл мерзімге темір тордың ар жағына тоғытылды.