Жоғарғы Сотқа жаңа 32 судья тағайындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда ҚР Жоғарғы Сотының судьялары қызметіне кандидаттар мәселесі қаралды. Атап айтқанда, ҚР Президентінің ұсынуымен Жоғарғы Сот құрамына 32 жаңа судьяның кандидатурасы талқыланып отыр. Енді бұл мәселе палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.
None
None

Комитет сенаторлары отырыс барысында судья лауазымына кандидаттардың өмірбаяндарымен танысып, олардың кәсіби дайындығына, қызметтік деңгейлеріне қатысты сауалдар қойды. ҚР Жоғарғы Сотының өкілі Абай Рахметулиннің айтуынша, ұсынылып отырған кандидаттардың барлығы - ҚР Жоғарғы Сотының жалпы отырысында ең жоғары дауысқа ие болғандар. «Бұл ретте Жоғарғы Сот кандидаттарды іріктеуде барлық мәселелерге жан-жақты қарады. Атап айтқанда, осы 32 кандидаттың гендерлік құрамы да ескерілді, мәселен кандидаттардың - 17-сі ер азамат (53 пайыз) және 15-і әйелдерден (47 пайыз) тұрады. Кандидаттардың орташа жасы - 48 жас, сот саласындағы орташа жұмыс өтілдері 18 жылды құрайды», - деді А.Рахметулин. Оның айтуына қарағанда, судья қызметіне әрбір кандидат жіті тексеріліп, әрбіреуіне жеке істер тігілген. ҚР Жоғарғы Сотының алқасымен де тікелей қосымша тексерулер жүзеге асқан. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Жоғарғы Сот кадр резерві 90 кандидатқа толыққан көрінеді. Талқылаудан соң, комитет мүшелері аталған мәселені алдағы жалпы отырысқа шығару туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар