Жоғарғы Сотта Әкімшілік процестік кодекстің жобасын әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобының отырысы өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева Әкімшілік процестік кодекстің жобасын әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобының отырысын өткізді.
Кеңес жұмысына Жоғарғы Соттың судьялары мен Департаменттің жауапты қызметкерлері қатысты.
Кодекс жобасы туралы айта келе, А.Қыдырбаева «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында әкімшілік әділет жүйесін құру қажеттігі, ол қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізумен қатар, сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды түріне айналуы тиіс» деп атап өтті.
Кодексті әзірлеу қажеттігі туралы мәселені көтере келе, Жоғарғы Сот судьясы Валерий Ноздрин: «Өзінің табиғаты бойынша әкімшілік іс жүргізу - азаматтар мен ұйымдарды мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының құқыққа қайшы әрекеттерінен қорғайтын институт» екеніне тоқталды.
ӘПК жобасы жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерді қарайды. Отырысқа қатысушылар ӘПК жобасын әзірлеу мұндай санаттағы істерде азамат, заңды тұлға немесе ұйым бір жағынан талапкер болып табылатындығымен, екінші жағынан, мемлекеттік басқару органы атынан мемлекет бір тарап болып қатысатындығымен байланысты екендігіне айрықша назар аударды. Айталық, мемлекеттік басқару органы билік құзыретіне ие, әдетте оның заң аппараты бар, ал талапкердің (азаматтың, заңды тұлғаның немесе ұйымның) жағдайын мемлекеттік органмен тең дәрежеде деп айта алмаймыз. Бұл қатынастар денсаулық сақтау, сәулет және құрылыс, жер қолдану, өрт қауіпсіздігі, салық жинау және кедендік реттеу, баға қалыптастыру, антимонополиялық реттеу, энергиямен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету және т.б. заңнаманың көптеген түрлерімен реттеледі. Сондықтан басқару органы атынан мемлекеттің қызмет ерекшелігі мен маңыздылығын ескере отырып, мұндай санаттағы істерді қараудың процестік тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актіні әзірлеу қажет. Бұл азаматтың немесе заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғауға кепілдік береді.
Отырысты қорытындылай келе, А.Қыдырбаева жұмыс тобы мүшелерінің алдына ӘПК жобасының нормаларын мүдделі органдармен талқылау қажеттігі туралы бірқатар міндеттер жүктеді.