Жоғарғы Сотта электронды сервистерді енгізуге арналған «дөңгелек үстел» өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы І.Испановтың төрағалығымен электронды сервистерді енгізу мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті.

Жоғарғы Сотта электронды сервистерді енгізуге арналған «дөңгелек үстел» өтті

Іс-шараға Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Ә.Түгел, Республикалық жеке сот орындаушылар алқасы төрағасының орынбасары Ғ.Смағұлов, Департамент қызметкерлері, Астана қаласының аудандық және оған теңестірілген соттарының басшылары, сондай-ақ бейнебайланыс желісі арқылы барлық облыстық және оған теңестірілген соттардың қызметкерлері, аумақтық адвокаттар алқасының адвокаттары қатысты.

І.Испанов «Дөңгелек үстелге» қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде атап өткендей, «Электронды сот өндірісін, атап айтқанда, «Сот кабинетін» дамыту және сот төрелігін қашықтықтан жүзеге асыру мақсатында Республикалық адвокаттар алқасымен бірлескен тығыз ынтымақтастық заманауи технологияларды қолданудың арқасында істерді қарау ыңғайлы әрі қолжетімді бола бастады.

Азамат, оның өкілі немесе адвокат өзіне қолайлы кез келген уақытта үйінен, кеңсесінен шықпастан, интернет желісі арқылы сот құжаттарымен танысып шығып, істің қаралу деңгейін біліп, сот актісін қағазға басып шығара алады.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2014 жылғы бірінші жартыжылдықта «электронды үкімет» порталы арқылы 38 369 талап арыз, сот отырысының хаттамасын беру туралы өтініш және хаттамаға ескертулер келіп түсті, бұл 2013 жылға қарағанда 1,5 есеге артық (26 034) болса, ал «электронды үкімет» порталының төлем шлюзі арқылы мемлекеттік бажды төлеу 1105 транзакцияны құрады.

Қазақстан Республикасында электронды сот өндірісін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңдарды қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысына (30.12.2011 жылғы өзгерістерімен және толықтырулармен бірге) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулы қабылдады.

Осылайша, «Сот кабинеті» сервисі арқылы заңды тұлғалардың мемлекеттік баж төлеу мәселесі шешімін тапты, жеке тұлғаның (заңды тұлға өкілінің) төлем карточкасы арқылы бажды төлеу, сондай-ақ төлем құжатының (түбіртек, төлем тапсырмасы және т.б.) сканерден өткен көшірмесін қоса беру мүмкіндігі артты».

Сонымен қатар, Азаматтық іс жүргізу кодексіне енетін өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес «Сот кабинеті» сервисін одан әрі дамыту нәтижесінде арыз-шығмдар мен өтініштерді беру, сот процесінің аудио және бейнежазбасын қарауға, істерді іздестіруге және т.б. мүмкіндіктер жасау жоспарланған.

Бұған қоса, Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың сайтында «Сот құжаттарымен танысу» сервисі іске қосылған. Аталған сервис сот өндірісінің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сайтындағы электронды сот құжаттарымен танысуға мүмкіндік береді. Сотқа талап арызбен жүгінген азамат оның тіркелгені туралы талон алады, бірнеше күннен кейін оның ұялы телефонына немесе электронды поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен Интернет арқылы таныса алатындығы жөнінде SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл ретте азаматтар сот құжатын алуға сотқа барып уақытын кетіріп, қаражатын шығындап, әуреге түспейді.

Биылғы 9-30 маусым аралығында аудандық және оған теңестірілген соттарда талап арыздарды тіркеу барысында 18 143 талон берілді.

Сот жүйесіне заманауи технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы сот өндірісін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей байланысын азайту жолымен сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендетуге септігін тигізеді және еліміздің тұрғындары үшін сот жүйесінің ашық әрі қолжетімді болуына барынша мүмкіндік туғызады.

«Дөңгелек үстел» барысында ақпараттық технологияларды сот жүйесінде қолдану жөнінде ынтымақтастықты одан әрі арттыру, порталды жақсарту және жаңғырту бойынша тиімді тәсілдерді әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мен Республикалық адвокаттар алқасы арасында өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бүгінде азаматтар электронды цифрлық қолтаңба көмегімен мемлекеттік органдардың виртуалды қабылдауларына өтініш жіберіп, анықтама алады, тіркеуін ауыстырады, түрлі қызметтер мен рұқсаттамаларды алуға тапсырыс береді.

«Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы Соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылған. Аталған қызметтерді электронды цифрлық қолтаңбасы бар республиканың кез келген азаматы тұтына алады. Жоғарғы Соттың Call-орталығына 1401 қысқа нөміріне хабарласу арқылы қосымша ақпарат алуға болады (қалалық телефон арқылы қоңырау шалу тегін).

«Дөңгелек үстел» барысында Байланыс және ақпарат агенттігінің «Мобильді қолтаңба» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жобаға сәйкес, қазақстандықтар 2015 жылы электрондық цифрлық қолтаңбаны SIM-картаның көмегімен пайдаланатын болады.

Іс-шараның қорытындысы бойынша ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Департамент пен Республикалық жеке сот орындаушылары алқасы арасында ақпараттық технологиялар саласында өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттігі туралы келісімге қол жеткізілді.