Жоғарғы сотта еліміздің сот жүйесінің жарты жылдық қызметі қорытындыланды
Сот қызметінің жыл басынан бері атқарған жұмыстары жөнінде басқосуда баяндама жасаған Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымовтың айтуынша, 2010 жылдың жарты жылдығында Қылмыстық істерді бақылау алқасы мен судьялар биылғы жылдың қаңтар айының 1-інен бастап күшіне енген жаңа заң негізінде жұмыс істеді. «Аталмыш заң талаптары бойынша енді қылмыстық істер аудандық соттарда қаралады және аталмыш істерді аппеляциялық жолмен қайта қарау мүмкіндігі қарастырылған. Егер бұрын аппеляциялық алқа мүшелері алғашқы сот сатысында көрсетілмеген мәліметтер мен деректерді назарға алмайтын болса, қазір олар осындай мәліметтердің барлығын сот қызметі барысында толық қолдана алады. Сондай-ақ аппеляциялық алқа мүшелері осы жаңа фактілер негізінде жаңа сот актісін енгізуге де құқылы», деді алқа төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, сот тәжірибесінде аудандық сот шығарған айыптау үкімінің күшін жойып, айыпталған азаматты ақтап алу жағдайлары баршылық. «Бірақ олар өте аз. Бүгінде еліміздің сот органдары қызметінің тұрақтылығы жіті бақылауда. Жоғарғы сот
әр деңгейдегі сот өкілдерінің қызметіне баға береді. Осы бағытта дайындалған статистикалық мәліметтер сот органдары қызметінің тұрақтылығын көрсетіп отыр. Әрине, аздаған ауытқушылықтар бар. Олар қазір 0,2 пайызды құрап отыр. Бұл - өте аз көрсеткіш. Оған істерді жаңа аппеляциялық тәртіппен қарау жағдайы себеп болып отыр, яғни аталмыш жағдай аудандық соттардың шешімдерін өзгертуге негіз болып отырған басты себептердің бірі», деді А.Қасымов.
Сондай-ақ ол сөзінде кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын арнайы мамандандырылған сот қызметінің сапасы артып келе жатқандығын атап көрсетті.