Жоғарғы Сотта Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми 8-наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс өткізді.

Жоғарғы Сотта Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс өтті

Іс-шараға Жоғарғы Сот судьялары, ҚР Судьялар Одағы Орталық Кеңесінің мүшелері, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері, сондай-ақ отставкадағы судьялар мен сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Қайрат Мәми құттықтау сөзінде: «Отбасы Отаннан басталады. Ал әйелдер отбасының арқауы. Сіздер аяулы ана, сүйікті жар ғана емес, сонымен қатар түрлі саладағы кәсіби мамансыздар, еліміздің дамуына және өркендеуіне, қоғамда тыныштық пен тұрақтылықты нығайтуға айрықша үлес қосудасыздар» - деп атап өтті.

Жоғарғы Сот Төрағасы жиналысқа қатысушылардың назарын биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тәрізді кеңінен атап өтілетін мерейтойлардың маңыздылығына аударды.

Қ. Мәми отставкаға кеткен Жоғарғы Соттың судьялары Елена Ақмолдаева мен Владимир Борисовқа табысты және мінсіз қызметі, сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, оларға «Мінсіз қызметі үшін» медалін табыстады. Жоғарғы сот органының төрағасы олардың тәжірибесі мен әлеуеті еліміздің игілігі үшін пайдаланылатындығын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында Қ. Мәми жаңадан тағайындалған Жоғарғы Соттың судьялары Абай Рахметуллин мен Бейбіт Шермұхаметовті ұжымға таныстырып, оларға алдағы уақытта табыс тіледі.

Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров пен Жоғарғы Соттың судьясы, Судьялар Одағы Орталық Кеңесінің мүшесі Төлебай Қожан мерекелік шараға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.

Салтанатты жиналыс мерекелік концертпен аяқталды.